БҚО-дағы «Сырым» бекетіндегі кептеліс: Ресейдің Самар облысында жол жөнделуде
БҚО-дағы «Сырым» автомобиль өткізу пунктінде Қазақстаннан Ресей Федерациясына бет алған 200-ге тарта жүк көлігі жол бойында тұр. Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметі бойынша, Ресейдің Самар облысындағы автожол жөнделіп жатқандықтан, 18 шілдеден бері сол өңірдегі Маштаково пунктінде жүк көліктерін қабылдау барысы баяулаған. Сол себепті мемлекеттік орган көлік жүргізушілеріне алдын ала басқа бағытты таңдау керек екенін ескертті.
«Осы жағдайды ескере отырып, мемлекеттік шекарадан өтпестен бұрын көлік қозғалысы әлдеқайда аз «Ақсай», «Шаған» және «Тасқала» автокөлік өткізу пункттері арқылы балама маршруттарды пайдалануды ұсынамыз», – деп хабарлады БҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаменті.
7 шілде күні де «Сырым» бекетінде автокөліктер шоғырланды. МКД ол кезде Ресейдің шекара қызметі «Маштаково» өткізу пунктінде инспекциялық-тексеру жүргізіп жатқанын хабарлады.
Батыс Қазақстан облысы Ресейдің алты облысымен шектеседі. «Маштаково-Сырым» бекетінен тәулігіне 3 мыңдай автокөлік өтеді.