Palantir акциялары екі есе өсуі ықтимал –Wedbush
Wedbush сарапшылары дерек талдауға арналған бағдарламалық жасақтама жасайтын Palantir Technologies компаниясының акциялары 2025 жылы қазіргі деңгейге қарағанда екі еседен астам қымбаттауы мүмкін деп есептейді. Осы пікірден кейін Palantir акциялары үш жыл ішіндегі ең жоғарғы деңгейге көтерілді. Wedbush пікірінше, ЖИ-ді дамыту мен компаниялардың технологияға арналған бюджетін ұлғайтқанынан ұтатындардың бірі осы Palantir болады. Бірақ бұл оптимистік көзқарасты бәрі бірдей қолдамайды.
Толығырақ
«Palantir акциялары үшін Outperform («нарықтан жоғары») рейтингісін Wedbush бекітіп, мақсатты бағасын 35 доллар деп белгіледі», – дейді Investing.com. Бұл – қағаздардың қазіргі құнынан шамамен бір ширекке жоғары деңгей. Жаңа оптимистік болжам бойынша, қағаздар 2025 жылы 50 долларға дейін өсуі ықтимал: бұл қазіргіден 1,8 есе көп.
Wedbush пікірінше, Palantir жасанды интеллект революциясында маңызды рөл атқарады. Ал оның технологияларын қолдану жолдарын кеңейтуі болашақта өсуіне басты қозғаушы күш болады. Palantir жобалары ЖИ-ге қатысты стратегиясын жеделдетуге әрі тиімділігін арттыруға көмектеседі. Palantir-дің өсу стратегиясындағы маңызды белес 1 300 буткемптің (бағдарламалаудың қысқа курстары) аяқталуы болды. Олардың 500-ден астамы соңғы үш айда өтті: осыдан компания технологияларының практикалық құндылығы көрінеді деп есептейді Wedbush.
Wedbush жыл басынан бері шамамен 65%-ға өссе де, нарық компания қағаздарын бағаламай, жете түсіне алмай отырғанын айтады.
Акция жайы
Бейсенбі, 18 шілдедегі, сауда барысында Palantir акцияларының құны 29,83 долларға дейін өсті. Бұл алдыңғы сауданың жабылардағы бағасынан 5,7%-ға жоғары. Сондай-ақ бұл – 2021 жылдың көктемінен бергі үш жылдан астам уақыт ішіндегі ең жоғарғы көрсеткіш. Сауда күнінің соңында өсім 1%-ға бәсеңдеді.
Басқалар не ойлайды?
Сейсенбі, 16 шілдеде, Mizuho сарапшылары Palantir акцияларының рейтингісін бейтараптықтан Underperform-ге («нарықтан төмен») дейін төмендетті, бірақ мақсатты бағаны 21 доллардан 22 долларға көтерді деп хабарлады Investing.com. Mizuho-ның пікірінше, компанияның жоғары бағалаушылық құнын «ақтау» күрделі болып барады. Palantir-дің соңғы тоқсандардағы нәтижесі жаман емес, алайда сарапшылар осылай жалғаса беретініне күмәнді. Сондай-ақ Palantir бизнесі «ашықтығының жеткіліксіздігі» де Mizuho-ның шүбәсін сейілтпейді.
Шілде айының басында Citibank мақсатты бағасы 25 долларлық бейтарап рейтингісін сақтап қалды. Компания штаб-пәтеріне барып қайтқан банк сарапшылары әрі-сәрі күйде қалды деп жазды Investing.com. Оларды да түсімнің күтулі өсу қарқынына сүйенген қағаздардың қымбаттығы алаңдатады.
Bank of America стратегтері Palantir-ді шілде айында қағаздарды сатып алуға шақырған (Buy рейтингісі) және 28 доллар мақсатты баға белгіленген қысқамерзімді перспективалық ондық тізіміне енгізді. Бұл банк те компанияда ЖИ-ді жеделдетіп енгізу сеп болатын «едәуір өсу» әлеуеті бар деп есептейді.
Palantir акцияларын сатып алуға барлығы тоғыз ұсыныс бар (6 Buy және үш Overweight) дейді FactSet деректері. Ең танымал ұсыныс – осы, бірақ басқалары да артта қала қоймайды: алты сарапшы акцияларды ұстап отыруды (Hold рейтингісі), сегізі сатуды (Underweight және Sell рейтингілері) ұсынады.