Алматыда BRT құрылысы биыл басталады
Алматыдағы BRT жобасының құрылысы 2024 жылы басталады. Алматы қалалық мәслихатының сессиясында қалалық мобильдік басқармасының басшысы Сағындық Телібаев осылай деп мәлімдеді.
«Биыл біз Алматы қаласының қоғамдық көлік және жылдамдығы жоғары қоғамдық көлік жүретін жол бөлігін барынша жақсарттық. Оның негізінде осы жылы Райымбек даңғылының бойында BRT құрылысын бастаймыз – бұл бірінші учаске болады», – деді Телібаев.
Алматы әкімі Ерболат Досаев Әуезов ауданының тұрғындарымен кездесуінде Райымбек даңғылы бойындағы BRT-ның бірінші учаскесінің құрылыс жобасы мемлекеттік сараптамадан өткенін айтқан болатын. Сол уақытта тұрғындар бұл жобаның неліктен дәл осы жерде жүзеге асырылып жатқаны жайлы сұрағанда, Досаев Райымбек даңғылындағы қоғамдық көлік тиімсіз екенін мәлім етті.
«Біріншіден Райымбек даңғылының қалалық жол екенін түсіну қажет, тиісінше біз БРТ жобасын іске асыратын боламыз, өйткені қаланы дамыту қажет. Біздің басымдығымыз – қоғамдық көлік, бүгінде ол Райымбекте тиімсіз», – деді Алматы әкімі.
Райымбек даңғылындағы БРТ-ның жалпы ұзындығы 17 шақырымды құрайды, учаске бойында «Алтын Орда»көлік- торабы болады. Мемлекеттік сатып алу сайтында жарияланған дерекке сүйенсек, Райымбек даңғылы бойында БРТ салу үшін жобалық-сметалық құжатты әзірлеуге 150 миллион теңге жұмсалған.
Айта кетейік, билік Алматыдағы көлік қаңқасының құруға 2,8-дан 4 трлн теңгеге дейін қаражат жұмсамақ. Бұл қоғамдық көлік қозғалысының орташа жылдамдығын 60%-ға арттыруға және оның қозғалыс «дәлдігін» 95%-ға дейін жеткізуге мүмкіндік береді деп болжанып отыр. Осының нәтижесінде 2030 жылға қарай оңтүстік мегаполистегі қоғамдық көлікті пайдаланушылар саны жеке көлікте жүретіндер санынан асып түсу керек.