Қазақстандағы көші-қон саясаты: 10,5 мыңнан астам этникалық қазақ қандас мәртебесін жаңа шарттармен алды
Елімізде 10 563 этникалық қазақ қандас мәртебесін алды. Атамекеніне оралған бұл азаматтарға қандас мәртебесі жаңа шарттармен берілген.
Еңбек министрлігі 2023 жылдың шілде айынан бастап Қазақстанда қандас мәртебесін берудің бес негізгі шартын қамтитын жаңа тәсілдер енгізді.
Қандас мәртебесі келесі шарттарды ескере отырып беріледі:
– қоныс аударушылар мен қандастарды қабылдаудың өңірлік квоталары шеңберінде ҚР Үкіметі айқындаған өңірлерге қоныстандыру үшін (еңбек тапшылығы бар өңірлер);
– демографиялық дамуға қажеттілігі бар даму әлеуеті бар агломерациялар мен ауылдық елді мекендердің, шағын және моноқалалардың, аудандық және облыстық маңызы бар қалалардың аумақтарында қоныстандыру үшін;
– тұрғын үй мәселелерін өз бетінше шешу мүмкіндігімен (немесе егер өтініш беруші тұрғын үй иесі болып табылмаса, оның тұруына туыстарының нотариат куәландырған келісімін берумен) өтініш берушінің өтініш беру өңірінің аумағында тұрақты тұратын Қазақстан азаматтары болып табылатын отбасымен немесе жақын туыстарымен (туыстығын растай отырып) қайта қосылуы үшін;
– жұмыс берушілердің шақыруы бойынша бос жұмыс орнына жұмысқа орналасу үшін (алдын ала еңбек шартын қоса бере отырып) не тұрғын үй мәселелерін өз бетінше шешу мүмкіндігі бар этникалық қазақтар қатарындағы дара кәсіпкерлер үшін;
– ҚР-ның жоғары оқу орындарында оқитын этникалық қазақтар үшін (оқу орнынан анықтаманы қоса берген кезде) беріледі.
Жаңа тәсілдер іске асырылған сәттен бастап еңбек тапшылығы бар өңірлерге қоныстану үшін 3296 этникалық қазақ (1374 отбасы) қандас мәртебесін алды. Агломерациялар аумақтарында және ауылдық елдімекендерде– 948 адам (475 отбасы) қоныстанды. Ал отбасымен немесе жақын туыстарымен қауышу үшін – 5655 адам (2843 отбасы), жұмысқа орналасу үшін жұмыс берушілердің шақыруымен – 593 адам (295 отбасы) келді. Жоғары оқу орындарының студенттері ретінде – 71 адам (69 отбасы) қандас мәртебесін алды.
Айта кетейік, еліміз тәуелсіздік алған сәттен бастап Қазақстанға 1 млн 137,1 мыңнан астам адам оралып, қандас мәртебесін алды.
2024 жылы Қазақстанға қанша этникалық қазақ оралды?
Еске салсақ, 2024 жылдың 6 айында Қытайдан, Өзбекстаннан, Түрікменстаннан, Ресейден 8758 этникалық қазақ тарихи отанына оралған. Атамекеніне оралған азаматтардың басым бөлігі, яғни 49,5%-ы Қытайдан келген екен. Ал Өзбекстаннан 34,7%, Түрікменстаннан 5,9%, Моңғолиядан 3,3%, Ресейден 1,3% қазақ қоныс аударған. Олардың ішінде еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар үлесі 59%-ды құрайды. Ал еңбекке қабілетті жастан кіші жастар үлесі 31,1% болса, зейнеткерлер үлесі 9,9%.
Министрлік елге оралғандардың білім деңгейі бойынша көрсеткіштерге де тоқталған. Оған сәйкес еңбекке қабілетті жастағы қандастардың 17%-ында жоғары білімі бар. Ал 23,2%-ында орта кәсіби білімі, 55,2%-ында жалпы орта білімі бар болып шыққан. Ал 4,6%-ы білім алмаған.
Еске сала кетсек, министрлік 2024 жылы қоныс аударушылар квотасы қысқарып, қандастарға берілетін квота көбейетінін хабарлаған. Оған сәйкес қандастарды қабылдаудың белгіленген квотасы 600 адамға артқан.
Сондай-ақ атажұртқа оралған азаматтарға «Қандас» мәртебесін беру тәртібі жеңілдейді. Олардың өтінімдері Қазақстан елшіліктері арқылы «бір терезе» қағидаты бойынша қабылданады. Бұл елімізге кіру, жұмыс орны, тұрғын үй беру мәселелердің жылдам шешілуіне септеседі. Сонымен бірге шетелдегі этникалық қазақтар республика аумағына кірмей-ақ қандас мәртебесін алуға мүмкіндік алады.