«Қазақфильмдегі» дау: «Алтын адам» мультфильмінен мемлекетке 84 млн теңге қайтарылды

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Ұлттық кино орталығының басшысы орындаушыға атқарған жұмысы үшін 294 млн теңге төленгенін айтады / Коллаж: kursiv.media  бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Ұлттық киноны қолдау орталығының төрағасы Құрманбек Жұмағали Ш.Айманов атындағы  «Қазақфильм» ұлттық киностудиясы аниматорларының «Алтын адам» анимациялық фильміне қатысты дауға түсініктеме берді.

Анимация мамандары жүзеге асырған жоба құны қанша?

 «Қазақфильм аниматорлары «Алтын адам» анимациялық фильміне қатысты мәселе көтергенін білесіздер. Бұл жағдайдың шиеленісуінің нақты себебін білулеріңіз тиіс деп есептеймін. Жоба Ұлттық кино орталығына 2020 жылы ұсынылып басталған. Жалпы құны 378 млн теңгені құрайды. Келісімшарт бойынша киножоба 2021 жылы аяқталуы тиіс болатын. Бірақ орындаушы жұмысты толық аяқтамай, фильмді өткізбеді, – деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.

Құрманбек Жұмағалидің айтуынша, 2022 жылы «Қазақфильм» жобаны қайта тапсыра алмаған. 2023 жылға созылған жобада соңғы түзетулер қамтылмаған болып шыққан. Орталық ұжымның 3 жыл бойы жобаны аяқтай алмай келе жатқан себептеріне түсіністікпен қарап, тиісті атқарған жұмыстарына қаражат төленіп келгенін атап өтті. Ал орындаушыға атқарған жұмысы үшін 294 млн теңге төленген.

«Қазақфильмнің» аниматорлар алдындағы қарызы 84 млн теңге

«Ал қалған 84 млн неге төленген жоқ? Себебі 2023 жылдың соңында жоба толық аяқталуы керек еді. Алайда ұжым жыл соңында тағы шикі жобаны тапсырды. Сараптама кеңесі жобаға қатысты 126 ескерту енгізген. Бірақ бұл түйткілді тұстар жоғарыда айтқанымдай, уақытылы түзетілмеген болып шықты. Мәселе жылдарға созылды, сондықтан Ұлттық киноны қолдау орталығы мен «Қазақфильм» арасындағы іс сотқа жетті. Ал аяқталмаған жобаға мемлекет қаржы бөле алмайды. Осыған байланысты қалған 84 млн теңге каржы бюджет қазынасына қайтарылды , – деп мәлімдеді Ұлттық киноны қолдау орталығының төрағасы.

Құрманбек Жұмағали осыдан бір ай бұрын «Қазақфильм» басшысы Азамат Сатыбалдымен сот шешімін орындау жөніндегі медиативті келісімге келгенін айтады.

«Қазақфильм» және жобаға жауапты ұжым жобаны өзара келісім арқылы аяқтап, «Алтын адам» анимациялық фильмін прокатқа шығарады. Одан түскен таза табыстың 20%-ы кино орталығына аударылса, қалған 80%-ы «Қазақфильмнің» үлесінде қалады. Осылайша «Қазақфильм» аталған жобаның түсірілім тобы алдындағы берешегін өтейтін болады. Ұлттық киноны қолдау орталығының тайқазаны сіз бен біздің қаржымыздан құралған. Сондықтан әр тиынның сұрауы барын ескеруіміз қажет. Мәселенің заң тұрғысынан шешіліп жатқаны да содан, – деді ол.

Азамат Сатыбалды Ұлттық кино орталығымен қандай келісімге келген?

Орталық төрағасы аталған даулы мәселе тек заң аясында шешіледі деп отыр. «Қазақфильм» басшысы Азамат Сатыбалдымен арада ешқандай араздық жоғын да айтады. Сондай-ақ ол отандық киноның дамуын қолдамайтын топтар бар болуы мүмкін деген пайымын да жеткізді.

«Біздің байқауымызша, елдің кино саласын кері тартып, дамығанын қаламайтын белгісіз топтар бар секілді. Әрине, олардың негізсіз пікіріне көпшіліктің иланбағаны абзал. “Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» дегендей, саланың тек кемшілігін санамалауға бейім адамдардың астыртын ниеті түбі әшкере болатыны сөзсіз. Мұндай қолайсыз жағдайды тудыратын жағымсыз пікірлерге қарамастан, біз дамуға бет түзеген бағытымыздан жаңылмай, жұмыстарымызды үздіксіз жалғастыра береміз. Бір сөзбен айтқанда, елдің кино саласын ілгері бастыруға бар күшімізді саламыз», – дейді Құрманбек Жұмағали.

Даудың басы…

Еске салсақ, жуырда «Қазақфильмдегі» анимация бөлімінің мамандары бір жыл бойы жалақы алмағанын айтып, шу шығарған болатын. Киностудия аниматорлары соңғы жылдары «Алтын адам» атты толық метражды анимациялық фильммен жұмыс істегенін, жұмысты орындап тапсырғанын айтады. Алайда ол үшін еңбекақы ала алмай жүргендерін айтып шағымданды. Наразы топ бұл былықты басшылық ұйымдастырып отыр деген пайымда.

Азамат Сатыбалды басқарып отырған «Қазақфильмге» қатысты дау бірінші рет болып тұрған жоқ.. Жыл басында КТК арнасының журналисі Асқарбек Қазанғап киностудия президенті Азамат Сатыбалдының киностудияның аумағын Қытай көліктерінің базарына айналдырып жібергенін айтып ақпарат таратты.

«Мен Азамат Сатыбалдыны қудалап отырған жоқпын. Мені киностудияның жағдайы алаңдатады. Азаматтық қызметкерлердің 30 пайызы ақысыз демалысқа жіберілді. Бұрын павильонның құны 200 мың теңге болатын, қазір 750 мыңға көтерілді, прокат бағасын 100 пайызға өсірді. Олар «Қазақфильмге» жанашырлық танытатындардың барлығын шығарып жатыр», – дейді Киностудияда жұмыс істейтін актер Қуандық Дүйсембаев.

Ал Азамат Сатыбалды киностудияда жұмыс істейтін 178 адамның айлығын тауып беру үшін «Қазақфильмнің» алаңын жалға бергенін мәлімдеген.

2023 жылдың соңында да Алматы қаласының прокуратурасы Шәкен Айманов атындағы киностудияны тексеріп, ұлттық киноны қолдауға арналған 400 млн теңге ұрланғанын анықтаған болатын.

Айта кетейік, 2023 жылдың 28 шілдесінде «Қазақфильм» АҚ президенті лауазымына актер Азамат Сатыбалды келген. Оған дейін 10 ай бойы киностудия президентсіз қалған. Себебі 2022 жылдың қыркүйегінде режиссер Ақан Сатаевтың қызметтен кеткені белгілі болған.

Сондай-ақ оқыңыз