Еуропалық одақ Ресейге қарсы экономикалық санкцияларын алты айға ұзартты

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Санкция 2025 жылдың 31 қаңтарына дейін ұзартылды / Фото: shutterstock

Еуропалық одақ кеңесі 2024 жылғы 22 шілдеде Ресейге қарсы экономикалық санкцияларды тағы 6 айға, 2025 жылдың 31 қаңтарына дейін ұзартқанын хабарлады.

«Алғаш рет 2014 жылы енгізілген бұл санкциялар 2022 жылдың ақпан айынан бастап айтарлықтай кеңейтілді. Олар қазіргі уақытта саудаға, қаржыға, технологияға және қосарлы мақсаттағы тауарларға, өнеркәсіпке, көлікке және сәнді тауарларға шектеулерді қоса алғанда, салалық шаралардың кең ауқымын қамтиды», – деп жазылған хабарламада.

ЕО санкциялары Ресейден Еуропа елдеріне шикі мұнай мен кейбір мұнай өнімдерін теңіз арқылы әкелуге немесе тасымалдауға тыйым салуды көздейді. Сонымен қатар бірнеше ресейлік банкті SWIFT-тен ажырату және бірқатар ақпарат құралдарына Еуропалық одақтан хабар тарату қызметін тоқтату кіреді. Бұған қоса, санкцияларды айналып өтуге қарсы шаралар қабылданды.

Euroclear халықаралық депозитарийі Украинаны қолдауға Ресей активтерінен түскен табыстан 1,55 млрд еуро бөлетіні белгілі болды.

Осыған дейін ЕуроОдақ мұнай бағасының шекті деңгейін бұзғаны және Солтүсік Кореядан техника тасымалдағаны үшін Ресейге қарсы сакциялар пакетіне жаңа шаралар енгізетінін хабарлады.

Қазақстан АҚШ пен Еуроодақтың Ресейге және басқа елдерге қатысты санкциялық саясатын қолдамайды, бірақ оны орындауға мәжбүр. Бұл мәселе бойынша Қазақстанда жұмыс тобы құрылған. Олар «шешім қабылдайтын» АҚШ және Еуропалық одақ елдерімен байланыста.

Сондай-ақ оқыңыз