Астанадағы кәсіпкерлердің 70%-ы декларация тапсырған жоқ
Биыл жалпыға бірдей декларациялаудың 3-кезеңі басталды. Бірақ Астана кәсіпкерлері есеп беруге асығар емес. Қаладағы 236 мыңнан астам кәсіпкер мен олардың жұбайлары декларация тапсыруы тиіс. Алайда олардың 70%-ы бұл міндетін орындамаған.
«70 597 кәсіпкер (немесе 30%) декларация тапсырды, 165 404 (немесе 70%) жеке тұлға әлі тапсырған жоқ», – деп нақтылады әкімдік.
2023 жылдан бастап мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлері, олардың жұбайлары активтері мен міндеттемелері туралы декларация (120 681 ЖТ) табыс етті. Қала әкімдігі 3 246 жеке тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын ескертті.
Қаржы министрлігінің ақпаратына сүйенсек, 2024 жылы декларацияны 2,4 млн жеке тұлға табыстауы қажет. Жыл басынан бері олардың 46%-ы, 1,1 млн азамат декларация тапсырды.
2024 жылдан бастап 250-нысан бойынша декларацияны бизнесмендер — басшылар, құрылтайшылар мен заңды тұлға қатысушылары мен жұбайлары, ЖК иелері мен жұбайлары тапсырады. Бұл жөнінде «Курсив» жазды.
Жеке кәсіпкерлігі тоқтап тұрғандар да, айналымы жоқтар да тапсыруға міндетті. 2024 жылдың 1 қаңтарында азамат атынан ЖК тіркеліп тұрса, одан кейін жапса да осы жылдың есебін тапсыруы керек. Келесі жылдан бастап декларацияны қазақстандықтар түгел тапсырады.