Абайлаңыз! Алаяқтар Мемлекеттік кірістер комитетінің атынан жалған хабарлама тарата бастаған

Жарияланды
алаяқтар мемлекеттік кірістер комитеті
Алаяқтар Мемлекеттік кірістер комитеті атынан жалған хабарламаны электронды поштаға жібереді / Фото: Pixabay.com

Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті (МКК) алаяқтардың ведомство атын жамылып, жалған хабарламалар тарата бастағаны туралы хабарлады.

Комитет хабарлауынша, бұл хабарламалар салық төлеушілердің электронды поштасына «Заң бұзушылықтарды жою туралы ескерту, банктік шоттағы ақшаны пайдаланып бюджетке берешекті өндіріп алу» деген тақырыппен келеді.

«Мемлекеттік кірістер органдары жасаған барлық хабарлама нормативтік құқықтық актілермен бекітілгенін хабарлайды. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық жүйелерінде хабарламаларды қалыптастыру кезінде хабарлама нөмірлері оларға енгізілген алгоритм бойынша автоматты түрде қалыптастырылады», – деп ескертеді комитет.

Сонымен бірге комитет жеке электронды поштаға хабарлама жібермейтінін, МКК ақпараттық жүйелері хабарламаларды тек «Салық төлеушінің шотына», «Электрондық үкімет» порталының жеке кабинетіне және e-Salyq мобильді қосымшаларына жіберетінін жазды.

Осыған орай, Мемлекеттік кірістер комитеті қырағы болуды және жалған хабарламаларға сенбеуге шақырады. Сондай-ақ мұндай күмәнді хабарламаларға жауап қайтармауды, күмәнді сілтемелерді ашпауды, олар бойынша қаражат аудармауды ұсынады.

Комитет азаматтарға келіп түскен хабарламалардың дұрыстығын тексеру маңызды екенін ескертеді.

Еске сала кетсек, бірнеше күн бұрын алаяқтардың мессенджерден Алматы әкімінің атынан хат жолдап жатқаны туралы хабарланды. Осыған орай қала әкімдігі тұрғындарды ескертіп, ресми хабар таратты.

«WhatsApp мессенджердегі жалған хабарламаның тарауына байланысты Алматы әкімі Ерболат Досаевтың атынан келген мұндай хабарламаға жауап бермеуіңізді және сенбеуіңізді сұраймыз. Күмәнді сілтемелерге кірмеген және ақша аудармаған жөн. Бұл сіздің қаржыңызды заңсыз жолмен алу мақсатында жасап отырған интернет-алаяқтардың тірлігі«,  – деп ескертті әкімдік.

Ал 4 шілде күні Ұлттық банк банктің атынан жалған парақша ашып, вирустық бағдарлама орнатылатын фишинг хаттар жіберіп жатқан алаяқтар туралы ескертті. Қаржы ұйымы азаматтардан Ұлттық банк атынан келетін хаттардағы күдікті сілтемелерді ашпауды сұрады.

Жымысқы әрекетті ойлағандар Instagram әлеуметтік желісінде national_bank_kazakhstan деген жалған парақша ашып қойғаны да хабарланды. Бұл парақшаны олар өздерінің арам пиғылын жүзеге асыру үшін қолданады. Атап айтқанда Ұлттық Банктің доменіне ұқсас атауларды қолдана отырып олар фишингтік хаттарды жіберу үшін реттеушінің атынан арнайы пошта ашады. Содан жіберілген хаттарда жалған сайтқа сілтеме беріледі немесе төлем жасауға арналған өтініштер, танысуға арналған шұғыл құжаттар болады. Сілтемені басқан жағдайда зиянды бағдарлама бірден орнатылады. Осы бағдарлама арқылы пайдаланушының мобильді құрылғысын алаяқтар қашықтан басқара алады.

Сондай-ақ оқыңыз