Талдықорғанда ұйымдасқан қылмыстық топ құрған 21 бухгалтерге қатысты сот үкімі шықты

Жарияланды
хищения
Сот 21 бухгалтерді 7 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты бюджеттің 4,5 млрд теңгесін жымқырған Талдықорған қаласының 21 бухгалтеріне қатысты үкім шығарды. Оларға 7 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы кесілген. Бұл жайлы Жоғарғы соттың баспасөз қызметі хабарлады.

«Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде жымқырғаны, заңсыз заңдастырғаны, ұйымдасқан топ құрып, оған басшылық жасап және оған қызметтік бабын пайдалана отырып қатысқаны үшін айыпталған Талдықорған қаласы білім бөлімінің және мектептерінің 21 бухгалтеріне қатысты қылмыстық іс қаралды», – деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Сот барысында Талдықорған білім бөлімінің бас бухгалтері С.-ның білім бөлімінің 7 есепшісімен, орта мектептің 14 бухгалтерімен ұйымдасқан топ қорып, 3 жыл қатарынан бюджет қаражатын ұрлаумен айналысқаны белгілі болған.

Олар қаражатты белгіленген схема арқылы жымқырып отырған. Мектеп бухгалтерлері білім басшылығымен келісе отырып, жалған жұмыскерлерге және мектеп қызметкерлеріне белгіленген лауазымдық жалақыларынан тыс жалақы есептеп отырған. Осындай тәсілмен 4,5 млрд теңгеден астам бюджет қаражаты жымқырылған.

Олар ұрланған қаржыны туыстарының банктік шоттарына аударып, содан кейін қылмыстық рөлдеріне сай, өз араларында бөліп отырған. Ал қаражатқа жылжымайтын мүлік, жер учаскелерін, автомобильдер, зергерлік бұйымдар және тағы басқа бағалы бұйымдар сатып алып отырған.

«Сотталушылардың кінәсі айғақтарымен, сондай-ақ куәгерлермен, мамандардың және сот сараптамаларының қорытындыларымен, қылмыстық істің басқа да материалдарымен расталды. Сотталушылар кінәләрін тек жымқыру бөлігінде мойындады, қалған бөлігінде оларды ақтауды сұрады», – деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Сот қандай жаза тағайындады?

Сот қылмыстық құқық бұзушылықтардың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін, сотталушылардың жеке басын ескере отырып, барлық сотталушыны кінәлі деп таныған.

Қылмыстық істің бас фигуранттары ретінде үш адамға сот 12 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған.

Ал 15 сотталушы жасаған қылмысына қарай 7 жылдан 11 жылға дейін бас бостандығынан айыру белгіленген. 2 сотталушы келтірілген залалды толық өтеуіне байланысты шартты түрде 7 жылға бас бостандығынан айырылған.  

«Бір бухгалтерге қатысты қылмыстық іс оның қайтыс болуына байланысты ақталмайтын негіздер бойынша тоқтатылды», – деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Сонымен бірге сотталғандардың 3 млрд теңгеден астам ақшалай қаражаты, зергерлік бұйымдары, жылжымайтын және жылжымалы мүлкі тәркіленген.

Айта кетейік, кеше 22 шілде күні Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі осы істің басы-қасында жүріп, бухгалтерінің қылмысын жасырған Талдықорған қаласының Білім басқармасының басшысы Жолдыхановтың 11 жылға бас бостандығынан айырылғанын хабарлады. Сотта шенеуніктің басқарма бухгалтерінен 280 млн теңге көлемінде пара алғаны анықталған.

Осындай қылмыстардың алдын алу мақсатында сотқа сотталушының ұжымы қатыстырылған.

Педагогтердің жалақы қорынан миллиардтаған қаражатты жымқыруда бухгалтерлердің қандай схеманы пайдаланғаны туралы Антикор түсіндіріп берген болатын.

Сондай-ақ оқыңыз