Бюджет тапшылығы 2,4 есе өсті: І жартыжылдықта жоспарланған салықтың үштен бірі жиналмады

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Салық түсімдері толық түспеді / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Денис Андреев

2024 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстан қосылған құн салығы мен корпоративтік табыс салығының үштен бірін жинай алмады. Бұл жайында Қаржы министрлігінің есебінде жазылған.

Республикалық бюджет кірісі осы кезеңде 10,4 трлн теңгені құрайды деп жоспарланған. Алайда кіріс 8,6 трлн теңгені құрады. Осы 8,6 трлн теңге құрамында салық түсімдері – 5,18 трлн теңгеге жеткен. Жоспар бойынша осы кезеңде 6,8 трлн теңге салық жиналуы тиіс еді.

Салықтардың ішінде 1,5 трлн теңге корпоративтік табыс салығы болса, 2,2 трлн теңгесі – ҚҚС. Алайда бюджет жоспарында 6 айда 2,1 трлн теңге корпоративтік табыс салығы түсуі керек болған. Жоспар тек 71 пайызға орындалған. Ал ҚҚС бойынша, 3,1 трлн теңге жинау жоспарланған. Салықтық емес түсімдер болжамнан 4,5 есе артып, 435,7 млрд теңгені құрады.

Осы уақыт аралығында бюджет шығысы 11 трлн теңгені құрайды деп жоспарланғанымен, шығыс 10,4 трлн теңгені құраған. Бірінші жартыжылдықта бюджетті толықтыру үшін Ұлттық қордан 2,7 трлн теңге алынған. Негізі 3,2 трлн теңге алынады деген жоспар болған.

Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферттер толық көлемде аударылды – 1,8 трлн теңге. Жалпы 2024 жылға кепілдендірілген трансферт көлемі 2 трлн теңге деп бекітілген. Ал нысаналы трансферт 900 млрд теңгені құрады. Жоспар бойынша, бірінші жарты жылдықта 1,36 трлн теңге кепілдендірілген трансферт алынуы тиіс болған. Жоспардың орындалуы – 66 ,2%.

Нәтижесінде бюджет тапшылығы 1,8 триллион теңгені құрады. Осы кезеңде бюджет тапшылығы 788 млрд теңгеден аспауы керек болған. Алайда жоспар мен нақты цифрлар арасындағы айырмашылық 2,4 есе.

Еліміздің 2024 жылға арналған республикалық бюджет әдеттегідей дәстүрлі жолмен жасақталып құрылды. Яғни бюджет тапшылыққа негізделіп жоспарланған: 2007 жылдан бері мемлекет қазынасы тұрақты түрде минус белгісін бетке ұстап қалыптасуда. Байқауымызша, мемлекеттік аппарат бюджеттің шығыс бөлігін қиып, қысқартуға бұрынғысынша құлықты емес. Ал жылдан-жылға көлемі өсіп жатқан шығындар қарыз есебінен және Ұлттық қордан қаржыландырылып отыр.

«2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға сәйкес, 2024 жылы бюджет түсімі – 20,4 трлн теңге, 2025 жылы – 20,1 трлн теңге, 2026 жылы – 21,2 трлн теңгені құрауы тиіс.

Сондай-ақ оқыңыз