«СҚ-Фармация» 315 млрд теңгеге 92 заңсыз шарт жасаған

Жарияланды
«СҚ-Фармация» 315 млрд теңгеге 92 заңсыз шарт жасаған / архив kursiv.media

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік «СҚ-Фармация» компаниясынының 315 млрд теңгеге 92 заңсыз шарт жасасқанын анықтаған.

Агенттік ақпаратына сүйенсек, 36 отандық өндірушімен жалпы көлемі 315 млрд теңгеге жасалған 92 шарттың айқын болмауы, іс жүзінде отандық фармацевтикалық өндірісті дамытуға ниеті жоқ компанияларды негізсіз байытуға ықпал еткен. Сонымен қатар 8 отандық өндірушінің қызметінде нақты өндірістің орнына шетелдік өнімдерді (қолғап, шприц, йод және т.б.) әкелу белгілері бар.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің тексеруіне қатысты Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова да түсініктеме берді.

«Сыбайлас жемқорлық агентігі мен денсаулық сактау министрлігі бірлесіп жылдың 1-тоқсанында «СҚ-Фармация» ЖШС қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне тексеру жұмыстарын жүргізді. Тексеру барысында дәрі-дәрмек, медициналық бұйымдармен уақтылы және сапалы қамтамасыз ету, фармацевтика саласын дамыту жөніндегі міндеттерді іске асыруға кедергі келтіретін елеулі сыбайлас жемқорлық тәуекелдері бар екені анықталды. Жауапты адамдар жұмыстан шығарылып, жазасын алады», – деді министр.

Агенттік мәліметіне сүйенсек, дәрі-дәрмектерді сатып алу бойынша аукциондардың жартысынан көбі бәсекелестік емес тәсілмен өткен. 2020-2023 жылдар кезеңінде барлығы 1 241 лот осы тәсілмен өткізілген.

Бұған қоса, медициналық жабдықты сатып алу кезінде тендерлік комиссия өтінімдері тендер шарттарына сәйкес келмейтін жабдықтаушыларды аукционға жіберіп, сарапшылардың теріс қорытындыларын елемеген.

Сатып алу құнын негізсіз көтеру тәуекелдері де туындаған. Іріктемелі талдаумен құны әртүрлі, бірақ техникалық сипаттамалары бойынша ұқсас медициналық жабдықтарды сатып алу бойынша 6,7 млрд теңгеге 13 шарт жасалғаны анықталды. Бұл ретте, талдау арқылы анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдері логистика қызметтерін ұсыну, дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды сақтау және жеткізу бойынша нарықтың едәуір үлесін жабатын компаниялар пулын қалыптастыруға ықпал етеді.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін «СҚ-Фармация» басшысы Ерхат Есқалиев жемқорлыққа қатысты шудан кейін қызметінен босатылған.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі денсаулық сақтау саласындағы жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдауды бастаған. Бұл жұмысты агенттік «СҚ-Фармациядан» бастады. 

Сондай-ақ оқыңыз