Үстем жағдайын теріс пайдаланған «ҚазМұнайгаз» компаниясы жарты миллиард теңгеден астам айыппұл төледі

Жарияланды
"ҚазМұнайГаз" айыппұл
«ҚазМұнайГаз» 539,4 млн теңге айыппұл төлеген / Коллаж: kursiv.media (kmg.kz и shutterstock), бильд-редактор: Денис Андреев

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі (БҚДА) «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясына 539,4 млн теңге айыппұл салды. Бұл жайлы БҚДА баспасөз қызметі хабарлады.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті прокуратура органдарымен бірлесіп «ҚазМұнайГаз» ҰК» акционерлік қоғамында 2023 жылдың өткен кезеңіне монополияға қарсы заңнаманың сақталуына қатысты тексеріс жүргізген.

Тексеру нәтижесінде компанияның іс-әрекеттерінен мұнай өнімдерін өткізуді шектеу бөлігінде өзінің үстем жағдайын теріс пайдаланғаны анықталған.

Атап айтқанда, ҚМГ 2023 жылдың қаңтар-сәуір аралығында мұнай өнімдерін сату туралы өтінімдерді ескермеген. Тіпті кейбір жағдайларда мұнай өнімдерін өткізу мүмкіндігі бола тұра, мұнай өнімдерінің көлемін қысқартып, қасақана кемсітуді қолдан жасаған.

«Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, департамент ҚР ӘҚБтК 159-бабының 3-1-бөлігі бойынша акционерлік қоғамға қатысты әкімшілік іс қозғады»,- делінген баспасөз хабарламасында.

Кодекстің бұл тармағында «Кәсіпкерлік кодексінде тыйым салынған, монополиялық жоғары (төмен) немесе монопсониялық төмен бағаларды белгілеуді, ұстап тұруды қоспағанда, нарық субъектiлерiнiң өзiнiң үстем немесе монополиялық жағдайын терiс пайдалануы, егер бұл әрекеттерде қылмыстық жазаланатын iс-әрекет белгiлерi болмаса, шағын немесе орта кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға монополистiк қызметтi жүзеге асыру нәтижесiнде алынған кірістің (түсiмнiң) – үш, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне бес пайызы мөлшерiнде айыппұл салуға алып келетіні» жазылған.

Солайша Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2024 жылғы 27 маусымдағы қаулысымен компания әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 539,4 млн теңге айыппұл арқалады. Бүгінгі күні айыппұл толық көлемде төленген.

Еске сала кетсек, дәл осындай жағдай ҚМГ-ның еншілес ұйымында да болған. 2023 жылдың күзінде БҚДА бензин мен дизель саудасын негізсіз шектегені үшін ҚМГ-ның еншілес ұйымына айыппұл салған болатын. Айыппұл көлемі 542,9 млн теңгені құраған. Агенттік ҚМГ-ның еншілес ұйымы «Petrosun» ЖШС-нің іс-әрекеттері жекелеген контрагенттермен шарттардың талаптарын бұзып, олардың заңды құқығы мен мүддесіне қысым жасауға әкеп соқтырғанын мәлімдеді.

Айта кетейік, «ҚазМұнайГаз» компаниясының өткен жылғы табысы 8,3 трлн теңгеден асқан. 2023 жылдың қорытындысы бойынша компания 23,5 млн тонна мұнай мен газ конденсатын өндірген. Ал мұнай тасымалдау көлемі 80,3 млн тоннаны құраса, МӨЗ-де 18,5 млн тонна мұнай өңделген.

Сондай-ақ оқыңыз