Конституцялық сот қаулысы: «Неке және отбасы» туралы заңдағы ер адам құқын шектейтін нормалар түзетіледі

Жарияланды
жұмыстан шыққан судьялар
Конституциялық сот «Неке және отбасы» туралы заңға өзгеріс енгізу туралы қаулы шығарды / Фото: kursiv.media

Ерлер әйелдермен тең дәрежеде бала асырап алуға өтініш білдіріп, бала асырап алғысы келетіндердің тізімінде кезекте тұра алады. Бұл жайлы Конституциялық соттың баспасөз қызметі хабарлады.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, Конституциялық Сот «Неке және отбасы туралы» кодекстің 91-бабы 2-тармағының 11) тармақшасын Конституцияға сәйкес емес деп таныған.

Кодекстің бұл нормасында «анасының қайтыс болуына немесе оның ата-ана құқықтарынан айырылуына байланысты баланың кемінде үш жыл іс жүзінде тәрбиелену жағдайларын қоспағанда, тіркелген некеде тұрмаған (ерлі-зайыпты болмаған) еркек жынысты адамдар бала асырап ала алмайтыны» жазылған.

Осы нормаға қатысты Қазақстан азаматы сотқа шағым түсірген.

«Конституциялық Сотқа жүгінген азамат бұл норманы кемсітуші және Конституцияның ешкімді жынысы бойынша қандай да бір кемсітуге болмайды деп көрсетілген 14-бабына қайшы деп санайды. Ол тіркелген (заңды) некеде тұрмаған әйелдер үшін мұндай тыйым салу жоқ екеніне назар аударды»,- делінген баспасөз хабарламасында.

Келіп түскен шағымға сәйкес, бұл мәселені зеделей келе, Конституциялық Сот жалпы заң шығарушының бала асырап алу құқығының бұл шарттары мен шектеулерін белгілеу жөніндегі тәсілінің өзі мемлекеттің балалық шақты қорғаудың конституциялық белгіленген міндетіне және балалардың мүдделерін барынша жақсы қамтамасыз етудің қабылданған міндеттемелеріне сәйкес келетіндігін ескерген. Сонымен бірге белгілі бір мақсаттарда бұл нормалардың адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын заңдармен шектеу мүмкіндігі туралы Конституцияның 39-бабына қайшы келмейтінін де негізге алған.

Десе де, бала асырап алғысы келетін адамдар үшін заң шығарушы белгілеген бұл шектеулердің заңды түрде негізделген мақсаттарға сәйкес келуі және балалардың құқықтары мен мүдделеріне сүйене отырып, әділдік, пропорционалдылық және мөлшерлестік талаптарына сай болуы керек деген ұйғарым жасаған.

Солайша Конституциялық Сот өз құқықтары мен мүдделерін қорғауға мұқтаж баланың мүдделеріне сүйеніп, неке мен отбасын, ана болуды, әке болуды және балалық шақты қорғаудың конституциялық белгіленген міндетін басшылыққа алуды жөн деп шешкен. Тиісінше, заңнамалық тетіктер бала мен әйелдің, ең алдымен, некеде тұрған және отбасы бар, баланың мүдделері мен қамқорлығын жақсы қамтамасыз ету мақсаттарына көбірек жауап беретін адам ретінде бала асырап алуды қолдауға бағытталуы керектігін алға тарта отырып, балаларды жынысына қарай асырап алғысы келетін адамдарға тең емес көзқараспен байланысты шектеуді Конституцияның 14-бабының талаптарына сәйкес келмейді деп тапқан.

«Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 91-бабы 2-тармағының 11) тармақшасы Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келмейді деп танылсын. 2. Қазақстан Республикасының Үкіметі осы нормативтік қаулы жарияланғаннан кейін алты айдан кешіктірмей Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының осы нормативтік қаулыда жазылған құқықтық ұстанымдарын ескере отырып, бала асырап алу институтын құқықтық реттеуді жетілдіруге бағытталған заң жобасын енгізсін»,- делінген сот қаулысында.

Сот шешіміне сәйкес осы нормативтік қаулы қабылданған күнінен бастап күшіне енеді және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті әрі түпкілікті және шағым жасалуға жатпайды.

Сондай-ақ оқыңыз