6 айда сот шешімімен 300-ден астам адам ата-ана құқынан айырылған – ІІМ

Жарияланды
Жыл басынан бері 6 мың ата-ана өз міндетін орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған / Фото: shutterstock

Жыл басынан бері сот шешімімен 300-ден астам адам ата-ана құқынан айырылған. Бұл жайлы «Жаз мезгіліндегі балалар қауіпсіздігі» жөнінде өткен брифинг барысында Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Әлекешов айтты.

«Балаларды тәрбиелеу бойынша міндеттерін атқармайтын үш мыңнан астам ата-ана профилактикалық есепке қойылды. Жалпы мұндай есепке алты мыңнан астам ата-ана қойылған. Оларға қатысты кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияларда 3495 материал қаралды. Соттар 300-ден астам адамды ата-ана құқығынан айырып, 240 адамның құқығын шектеді. Ата-ана міндеттерін орындамағаны үшін алты мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды»,- деді министрлік өкілі.

Әлекешвтің айтуынша, жыл басынан бері 21 мыңнан астам отбасы тексерілген. Олардың 7 мыңнан астамында балалар өгей әкелерімен немесе аналарымен бірге тұратыны анықталған.

Бұл отбасылардың ішінде өмірлік қиын жағдайға тап болған 800-ден астам отбасы тіркеліп, оларға қатысты ақпарат құзырлы органдарға жіберілген.

Еске сала кетсек, 15 сәуірде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін заңдарға қол қойды. Онда ата-аналарды ата-ана құқынан айыру туралы норма қамтылған. Көпшілік ата-аналарды осы өзгерістер алаңдатты. Сол себепті кейбір қазақстандықтар заңға өзгеріс енгізуге қарсы шықты. Өйткені онда «кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылыққа байланысты қылмыстар бойынша, сондай-ақ Кодекстің 108-1 (денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру) және 109-1 (ұрып-соғу) баптарында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтар татуласқаннан кейін қайталап жасалған жағдайларда тараптардың татуласуына жол берілмейді» деген норма бар.

Алайда ІІМ орынбасары Игорь Лепеха да ата-ана құқығынан айыру процесі ұзақ тексерулерден кейін ғана жүзеге асырылатынын, жаңа заң жаппай ата-ана құқығынан айыру жағдайларына әкелмейтінін жеткізді. Сонымен бірге Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев та заңның ата-аналарды баладан ажыратуды көздемейтінін, қоғамда бұл нормаға қатысты қате түсінік қалыптасқанын мәлімдеді.

Заң жобасы Мәжілісте талқыланған кезде депутат Жұлдыз Сүлейменова бала құқын қорғауға қатысты заңда ата-аналарға қатысты заңды күшейту мәселесі қарастырылмағанын мәлімдеді.

«Заңда ата-аналарға қатысты заңды күшейту нормалары қарастырылмаған. Біз дәстүрлі отбасылық құндылықтарды қорғауға, сақтауға, нығайтуға және ілгерілетуге арналған, сондай-ақ ұлттық және дәстүрлі отбасылық құндылықтарды құрметтеу рухында балалардың адамгершілік және рухани тәрбиесін қамтамасыз етуге негізделген неке отбасы заңнамасының қағидаттарын бекітуді ұсынып отырмыз», – деді депутат.

Сондай-ақ оқыңыз