Еуроодақ Ресей активтерін ұзақ мерзімге бұғаттаудың екі нұсқасын ұсынды

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Ресей активтерін бұғаттау мерзімі ұзаруы мүмкін / Фото: shutterstock

ЕО Ресей Орталық банкінің активтерін ұзақ мерзімге бұғаттаудың екі нұсқасын ұсынды. Өйткені АҚШ Украинаға Ресейдің бұғатталған активтерінен түсетін пайда арқылы өтелетін несие беруі үшін активтер ұзақ уақыт пайдаланбайды деген кепілдік керек.

Еуропалық Одақ Украинаға берілетін 50 млрд доллар несиенің заңды және қаржылық мүмкіндігіне қатысты АҚШ-тың күдігін сейілту үшін Ресей Орталық банкінің активтерін ұзағырақ мерзімге «бұғаттаудың» екі нұсқасын ұсынды. Бұл несие бұғатталған активтерден түскен пайда есебінен өтеледі. Бұл туралы Bloomberg құжат жобасына сілтеме жасап отырып жазады.

Жобаға сәйкес екі нұсқаның біріншісі – активтерді шектеусіз бұғаттау. Екінші нұсқа – шектеу мерзімін ұзартып отыру. Шектеу мерзімі 18, 24 немесе 36 айға ұзартылып отырады.

ЕО, АҚШ және G7 елдері Украинаға 50 миллиард доллар несие беру ісін толық аяқтамақ. Бұл қаражат Украинаның әскери қажеттіліктері мен елді қалпына келтіруге жұмсалады. Бірақ Америка Еуроодақтың жарты жыл сайын жаңаруды талап ететін санкциялық режимі кез келген уақытта одаққа мүше елдердің бірі оған қарсы дауыс берсе, үлкен түйткілге айналуы мүмкін деп алаңдайды.

Ресейдің бұғатталған активтерінің басым бөлігі – 280 млрд доллар, Еуропада жатқандықтан, АҚШ беретін несиесі өтеліп біткенде бұл активтердің қозғалыссыз жататынына кепілдік алғысы келеді.

Еурокомиссия одақ алдағы ай басында шешім қабылдайды деп үміттенеді. АҚШ өкілі Еуроодақ санкциялар режиміне кепілдік беруі, шынымен де, шешімін таппаған мәселе екенін айтқан.

Бұған дейін АҚШ президенті Джо Байден Украинаны қолдау туралы заң бойынша өз өкілеттігін АҚШ-тың қазынашылық және мемлекеттік департаменті басшыларына берген еді. Ақ үйдің хабарлауынша, өкілеттіктің бір бөлігі Ресей Федерациясының тыйым салынған активтеріне қатысты.

Үлкен жетілікке (G7) кіретін елдер Ресейдің тыйым салынған 300 млрд доллар активін алатын болса, Сауд Арабиясы еуропалық қарыздың бір бөлігін сатуы мүмкін екені хабарланған.

Сондай-ақ оқыңыз