Миллиондаған доллар жымқырған «ҚазМұнайГаз» еншілес компаниясының төрт лауазымды тұлғасы ұсталды

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша сегіз адам ұсталды / Архив: kursiv.media

Маңғыстау облысының прокуратурасы уәкілетті органдармен бірлесіп мұнай-газ саласының жекелеген кәсіпорындарының қызметіне тексеру жүргізді.

Оның нәтижесінде «Ойл Транспорт Корпорейшн» ЖШС лауазымды тұлғалары бюджет қаражаты есебінен 700 млн теңгеден астам сомаға мердігер компанияның шығыстарын негізсіз өтегені анықталған.

«Бұдан басқа, мердігерлерге нақты көрсетілмеген көлік қызметтері үшін 2,2 млрд теңге аударылған. Аталған заң ұзушылықтар бойынша 2024 жылғы 10 шілдеде Қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігі  бойынша (аса ірі мөлшерде жымқыру) сотқа дейінгі тергеу басталды», – деп хабарлады Маңғыстау облысының прокуратурасы.

Сондай-ақ 2024 жылғы 22 шілдеде «ҚазМұнайГаз «ҰК» АҚ еншілес ұйымынан 11 млн теңге жымқыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

2024 жылғы 23 шілдеде «Ойл Транспорт Корпорейшн» ЖШС-нің бұрынғы басшысы «Т» есімді азамат ұсталды. Бұған қоса бұрын басталған сотқа дейінгі тергеп-тексерулер бойынша «Ойл Транспорт Корпорейшн» ЖШС-нің өндірістік-техникалық бөлімінің бастығы, мердігерлік ұйымдардың 2 өкілі тұтқындалды.

Прокурорлық тексеру барысында барлығы 19 сотқа дейінгі тергеу басталды. Олар Маңғыстау облысының экономикалық тергеу департаментінің өндірісінде.

«Бюджет қаражатын жымқыру және талан-таражға салу фактілері бойынша оларды тергеу шеңберінде 8 адам, оның ішінде «Қазмұнайгаз «ҰК» АҚ еншілес компанияларының 4 басшы лауазымындағы тұлғалар ұсталды», – деп хабарлады құзырлы ведомство.

Алайда Маңғыстау облысының прокуратурасы тергеу мүддесі үшін ұсталған тұлғаларға қатысты өзге мәліметтер жария етілмейтінін хабарлады.

Еске сала кетсек, осыған дейін бюджет қаржысын жымқыру мақсатында жалған шарт жасап, 101 млн теңгені иеленген Қызылорда облысындағы лауазымды тұлғаға 3,5 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалған.

Сондай-ақ оқыңыз