Қазақстанда ЖОО-ның ақылы бөлімінде оқитындарға пайызсыз несие берілуі мүмкін

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Министрлік бұл мәселені қазірдің өзінде заңнамалық тұрғыда пысықтап жатыр / Фото: архив kursiv.media

Елімізде ЖОО-ның ақылы бөліміне түскісі келетіндерге енді пайызсыз несие берілуі мүмкін. Ол жыл соңында іске қосылады. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты.

 Министр білімге қолжетімділікті кеңейту үшін төрт құрал енгізіліп жатқанын жеткізді.  Оның алғашқы екеуі – «Балаларға арналған ұлттық қор» және «Келешек» бағдарламасы.

«Биыл ақпан айынан бастап әр балаға арнайы шот ашылып, жинақ жасалып жатыр. Бұл құралды жоғары білім алу мақсатына қолдана бастаған алғашқы адамдар бар. Екіншісі – жыл соңына қарай «Келешек» жинақтаушы білім беру жүйесі іске қосылады. Бұл ерікті жүйе және отбасы өз еркімен баласының оқу ақысын алдын ала жинау туралы шешім қабылдайды»,- деді Саясат Нұрбек.

Министр атап өткен тағы бір құрал пайыссыз несие. Енді АҚШ-та бар тәжірибе қазақстандық талапкерлерге де қолжетімді болуы мүмкін. Министрлік бұл мәселені қазірдің өзінде заңнамалық тұрғыда пысықтап жатыр.

 «Үшінші құрал – пайызсыз несие. Біз оны бірнеше екінші деңгейдегі банктермен және қаржы орталығымызбен бірлесіп заңнамалық тұрғыдан әбден зерделеп, пысықтадық, оны жылдың соңында ресми түрде іске қосамыз деп отырмыз. Енді АҚШ-тағыдай жоғары білім алу үшін пайызсыз несие алуға болады. Төртінші құрал – дифференциальды гранттар. Биыл гранттарды бөлу кезінде мұны сынақ ретінде іске қостық»,-деп мәлімдеді Министр брифинг барысында.

Сондай-ақ Министр мектеп түлектеріне «Болашақ» бағдарламасымен шет елге оқуға түсу мүмкіндігін қайтаруға уәде берді. Бұл ретте халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарда жүлделі орын алғандар «Болашақпен» шетелге білім алуға жіберіледі. Байқаулардың тізімін республикалық комиссия реттейді және белгілейді.

Еске салсақ, 2023-2024 оқу жылына ЖОО-да оқу үшін барлығы 78 219 грант бөлінді. Оның ішінде Үкіметі айқындаған өңірлерге қоныс аударатын ауыл жастарына 3903 орын арналады.

Сондай-ақ оқыңыз