«Қазақстан темір жолы» компаниясы пойыз бастығы мен жолсерікті жұмыстан шығарды

Жарияланды (жаңартылды )
«Қазақстан темір жолы» тексеірсті күшейтпек/ facebook.com/railways.kz, бильд-редактор: Аружан Махсотова

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы тасымал жұмысы мен «жасырын кассаны» тексеруді күшейтті. Бұған дейін жолаушылар темір жол бекеттеріндегі қызмет сапасының төмендігі, мамандардың салғырттығы, заңсыз әрекеттерге байланысты жиі шағымданатын.

Компания өкілдері кезекті рейд кезінде Шымкент станциясындағы бірінен жолаушыны билетсіз пойызға отырғызғанын анықтады. «Шымкент – Астана» пойызының жолсеріктері ресми сатып алмаған билетсіз адамды белгілі бір сомаға алып жүруге келіскен.

«Қызметтік тергеу қорытындысы бойынша пойыз бастығы мен жолсерік жұмыстан шығарылды, ал екінші жолсерік пен Шымкент станциясы учаскесі бастығының орынбасарына қатаң сөгіс берілді. Ішкі тексерулер елдің барлық вокзалында өтуде»,  – деп хабарлады ҚТЖ баспасөз қызметі.

Ұлттық тасымалдаушы компания заңсыздыққа куә болған азаматтарды @jolaushylar_tasymaly (direct) парақшасына немесе +7 776 714 5686 ватсап-нөміріне фото, аудио бейнематериалдар жолдауға үндеді.

ҚТЖ қатаң шараларға көшкенін дәлелдеп бағуда. Одан бұрын Алматы-2 теміржол вокзалында билеттердің заңсыз жолмен сатылғанын анықтады.

Сондай-ақ оқыңыз