Жас инвестор сөздігі: инвестиция әлеміндегі басты 10 термин

Жарияланды (жаңартылды )
Жас инвестор сөздігі: инвестиция әлеміндегі басты 10 термин / shutterstock

Қор нарығы әлемінде термин көп. Атауынан ат үркитіндей көрінгенімен, әрқайсысының мәнін ұғып алсаңыз, қорқатын ештеңе жоқ. Бір ғана «инвестиция» сөзін алып қарасақ, ол — ақшаны қазір салып, болашақта көбейтіп алуға көмектесетін әдіс. Инвестицияның түрі де көп: банктен салым ашуға болады, пәтер алып қойып оны жалға берсеңіз, болмаса қымбаттау бағаға сатсаңыз да ерік өзіңізде, енді бірі қазір білім алып, машығын дамытуға салған қаражатын инвестиция деп түсінеді. Сондықтан бұл терминді сан қырлы дейміз. Бүгінгі материалымызда қор нарығындағы инвестицияға қатысты басты сөздерге шолу жасаймыз. 

Қор нарығын кәдімгі базарға ұқсатсақ болады. Мұнда саудагерлер мен сатып алушылар бар. Тауардың орнына компаниядағы үлестер, мемлекетке не кәсіпорындарға пайызбен берілетін қаражат, алтын-күміс, мұнай саудасы жүреді. Егер сіз инвестиция салуды енді бастайын деп жатсаңыз, биржа әлемі сізге әзірге бейтаныс болса, онда негізгі терминдерді міндетті түрде түсініп алғаныңыз жөн. Сіздер үшін түсінікті сөздік дайындадық.  

Брокер

Брокер — құнды қағаздар нарығындағы кәсіби қатысушы. Оның қызметін мемлекет пен Ұлттық банк қадағалайды. Брокердің көмегімен сіз құнды қағаздарды сатып алып, сата аласыз. Одан бөлек, валюта, өзге де қаржы құралдарын саудаға салуға көмектеседі. Осы айтылған манипуляцияның бәрін брокермен бірге биржада жасайсыз. Әлемде түрлі биржа бар. Мәселен Қазақстанда екі қор биржасы жұмыс істейді: Қазақстан қор биржасы (Kazakhstan Stock Exchange — KASE) және «Астана» халықаралық қаржы орталығының биржасы (AIX). Биржада жеке тұлғаларға да, заңды тұлғаларға да тікелей сауда жасауға тыйым салынған. Сондықтан биржамен арадағы алтын көпір — брокер. Ол сізге жасаған қызметі үшін аздаған комиссия алады. Әркімде комиссия көлемі әр түрді. Сонымен бірге биржада сатқаннан сіз пайда тапсаңыз, онда сіздің орныңызға брокер табыс салығын төлейді. Брокер арқылы акция ғана емес, облигация, опцион, ETF, пайлық инвестиция қоры, фьючерстер мен валюта да алуға болады. Енді бастап жатқан инвесторлар брокер мен дилердің қандай айырмашылығы барын түсінбеуі мүмкін. Сондықтан түсіндірмесін айтып өтейік. Дилер де құнды қағаздар саудасын жасаған кезде қатысады. Бірақ ол келісімдерді өз атынан, өз ақшасына жасайды. Акциялардың не басқа да биржа активтерінің бағасы белгіленгенін қарап отырып, сатуға не сатып алуға өтінім жіберіп отырады. Ол осы өтінімдер бағасындағы айырмадан табыс табады. Былайша айтқанда: валюта айырбастайтын бөлімшелер дилер бола алады. Мысалы айырбастау бөлімшесі долларды 468 теңгеге сатып алады да, 470 теңгеге сатады. Мұндай жағдайда ол дилер болып отыр деген сөз. Осы 2 теңге айырмашылықты «спред» дейміз. Яғни биржадағы кей келісімдерде сіз акцияларды өз брокері арқылы сататын басқа инвесторлардан сатып алуыңыз мүмкін. Ал енді басқа бір келісімдерде дилер сатушы рөлінде болуы мүмкін.  

Құнды қағаздар

Құнды қағаздар деп биржада сатып алуға болатынның бәрін айтамыз. Яғни құнды қағаз — әлдебір қаржы құралына иелік етуге құқық беретін құжат. Әлемдегі ең көп таралған құнды қағаздар — акциялар мен облигациялар. Қағаз екен деп құжатты шынында қағазға басып шығарып аламын деп ойламаңыз. Сатып алғаннан кейін брокер келіп қағаз құжат табыстамайды. Бірақ құжаттың сізге тиесілі екенін өзі түртіп алады. Қағаз құжат болмаса да, электрон форматта сіздің оған иелік ететіңіз расталады. Демек, құнды қағаз кәдімгі заңды құжат секілді күшке ие. Бастысы мынадай шарт-талаптарға сай болуы керек: қағаз нарықта айналымда болуы керек. Оны емін-еркін сатып алып, сатуға болады, келісімдер жасай бересіз. Қағазды алғаныңыз стандарт активке мүлік ретінде құқығыңыз бар болатынын білдіреді. Мәселен белгілі бір маркалы мұнай баррелі, әлдебір сынамалы алтын құймасы, бір компанияның акциясы дегендей. Егер объект стандартталмаған болса, онда оған құнды қағаз емес, басқа заңды құжат рәсімделеді. Құнды қағаздың жасалатын қалыбы болады. Реквизиттері бекітіледі, уәкілетті тұлғалар растайды. Құнды қағаздың күші бар. Мемлекет ресми түрде растаған құнды қағаздар ғана заңды деп саналады. Себебі шығаратын кезде міндетті түрде мемлекеттің тіркеуінен өтеді. Құнды қағаздың бағасы болады. Көбіне оның құны қандай болатыны нарықтағы сұраныс пен ұсынысқа қарай өзгеріп тұрады.           

Котировка/баға белгіленуі

Бұл — әлдебір құнды қағаздың сатылып жатқан бағасы. Дүкенге кіргенде бағасы жапсырылып тұратыны сияқты, котировка да солай. Инвесторлардың кейінгі рет құнды қағазды сатып алған не сатқан бағасы көрсетіледі. Биржада келісімдер сәт сайын жүріп жатады. Сондықтан котировка да лезде өзгеріп тұрады. Мысалы құнды қағазды сатқаннан гөрі сатып алғысы келетіндер көп болса, онда қағаздың бағасы қымбаттайды. Ал енді сатып алғысы келетіндерден сататындар көбейіп кетсе, керісінше баға түседі. Қандай да бір құнды қағаздардың бағасы инвесторлар мен олардың құнды қағаздың бағасына қатысты ойына тікелей байланысты. Кей қағазды инвесторлар басқалардан жиірек алып, оларға қымбатырақ төлеуге дайын болады. Олай етуі де бекер емес. Себебі олар нарықты зерттеп, статистика жүргізіп отырады.    

Акция

Акция — ең танымал құнды қағаздың бірі. Әр акция — компанияның бір бөлігі. Яғни сіз «ҚазМұнайГаз» акциясын сатып алсаңыз, демек сіз компаниядан үлес алып жатырсыз деген сөз. Процесс қалай жүреді? Алдымен компания табыс тауып бастайды. Сөйтіп ол тапқан табысы аз көрініп, жобаларына көбірек ақша тартқысы келеді. Сол үшін компания биржаға кіреді де, өзін бірнеше бөлікке бөліп, саудаға салады. Сондай бөлік — акция. Адамдар акция сатып алады, одан түскен ақшаны компания дамуға салады. Одан кейін акциялар айналымда жүреді: әлгі сатып алған адамдар сатады, сатып алады. Осылайша әр түрлі бағамен биржада айналады. Әр акцияда лот болады. Яғни ол — бір алғанда алуға болатын минимум акция саны. Сізді қызықтыратын акцияға қатысты ақпаратты сипаттамасын қарап, анықтай аласыз. 

Дивиденд

Дивиденд — сіз акцияларын сатып алған компанияның сізге төлейтін ақшасы. Яғни түскен табысынан компанияның сізге беруге дайын болатын бөлігін айтамыз. Бір акцияға қанша бере алатыны алдын-ала анықталып, көрсетіледі. Мысалы бір акцияға 50 теңге десе, сізде жалпы саны қанша акция болса, сонша көлемде дивиденд аласыз деген сөз. Бірақ компаниялар дивиденд төлеуге міндетті емес. Төлейтіндері көбіне арнайы саясат әзірлейді. Ол жерде акционерлеріне қанша беретінін, қаншалықты жиі төлейтінін, не тіпті бермейтінін жазып қояды. Жалпы алғанда саясат құрған кезде қай жағдайда дивиденд беріп, қай жағдайда бермейтінін анықтайды. Мәселен компанияның ісі өрге жүзіп, жақсы жүріп жатыр делік. Табысы жақсы, дамуға қаражат салып жатыр, екі арада артылған қаражат та әжептәуір. Ондай кезде компания сол артылған ақшаны акционерлеріне бөліп береді. Міне, сол — дивиденд. Ал енді артылған ақшаны акционерлерге бермей, компанияның дамуына саламын деп шешетіндер болады. Ондай кезде компания дивиденд төлемейді. Төлеуге міндетті емес деп басында айттық. Сондықтан компаниядағы директорлар кеңесі мен акционерлердің жалпы жиналасында «төлемейміз» деген позиция құпталса, онда төлемеу туралы шешімнің заңды күші бар болып саналады. Оған қарсы келе алмайсыз. Егер сіздің акциялар портфеліңізде дивиденд төлейтін компаниялардың акциясы болса, онда олар сіздің брокерлік шотыңызға төлем кестесіне сай аударылып отырады. Ол шетелдік компания болсын, отандық компания болсын — ала бересіз. 

Облигация

Облигация — қор нарығындағы ең танымал құнды қағаздардың бір түрі. Облигация сатып алғаныңыз қарызға ақша беріп, соның пайызынан пайда алып отыратыныңызды білдіреді. Қарызды сіз компанияларға не мемлекетке бересіз. Біріншісінде — ұжымдық облигациялар, екінші жағдайда мемлекеттік облигациялар болады. Компания акция шығарған кезде үлесін сатады дедік. Ал облигацияда — инвесторлардан қарыз алады. Көбіне бір компания биржаға акция да, облигация да орналастыра береді. Мемлекеттік облигацияларды көп жағдайда банк салымының баламасы ретінде қарастырады. Бұл — өте сенімді қаржы құралдарының бірі. Себебі компанияларға қарағанда мемлекеттің банкротқа ұшырап қалу ықтималы әлдеқайда төмен. Барлық облигацияның өзінің өтейтін мерзімі болады. Яғни мемлекеттің не компанияның алған қарызын толықтай жауып бітетін күні. Облигацияы түрлі төлем мерзімімен шығаруға болады. Бірі үш жыл десе, бірі он бес жыл деуі мүмкін. Егер сіз ондай ұзақ уақыт күткіңіз келмесе, онда биржаға салып, сатып жіберсеңіз болады. Облигацияны өзіне ақша керек компания не мемлекет шығарады дедік. Не үшін шығарады? Көбіне банктен кредит алғаннан гөрі облигация тиімдірек, сондықтан осы тәсіл қолданыста. Облигация шығару процесін «эмиссия» дейді. Ал шығарып отырған — эмитент. Құнды қағаздарды қор биржасына салып, сатады. Бондтың бастапқы бағасын «номинал» деп атайды. Облигациялар биржада сатыла бастаған соң, оның бағасы өзгеруі мүмкін. Көп жағдайда минимум баға бекітіледі. Бір облигация сатып алуға болмайды. 

Купон

Купон — облигациялар бойынша жасалған төлемдер. Яғни компания не мемлекеттің кезінде сіз берген қарыз үшін төлейтін пайызы. Қолыңызда облигация болған жағдайда ғана сізге купон беріледі. Әр облигациядан нақты қанша ақша алатынңызды алдын-ала біліп отырасыз. Мәселен биржа сайтынан қарап алуға болады. Бірақ купон барлық облигацияда бола бермейді. Купонды банктің кредит үшін ұстайтын пайызына ұқсатуға болады. Бірақ бұл жағдайда банк болып отыратын — өзіңіз. Қолыңыздағы қаражатты біреуге уақытша бере тұрдыңыз. Уәде етілген уақытта пайызбен қайтарып аласыз. 

Тикер

Тикер деп биржадағы құнды қағаз, тауар не валютаның таңбасын айтамыз. Брокерден қаржы өнімін сатып алатын кезде тезірек табу үшін керек. Көбіне тикер компания атауындағы басты әріптерден тұрады. Мысалы америкалық NASDAQ биржасында Apple тикері AAPL делінеді. Бір компания әр биржада әр түрлі тикермен жазылуы мүмкін. Айталық, Қазақстан қор биржасында «Халық банк» HSBK деп тұрады. Ал облигациялардың тикері 12 сан мен әріптен тұратын код секілді. Оның ішінде әр облигацияға қатысты қысқаша дерек болады. Тикерлер биржада сатып алуға болатын қаржы құралдарында да болады. Мәселен қазақстандық теңге — KZT, ресейлік рубль —  RUR, АҚШ доллары —  USD, еуро — EUR. Қымбат металл мен мұнайдың да тикерлері бар.  

Көгілдір фишкалар

Көгілдір фишка деп ең ірі, сенімді, құрылғанына көп болған, тексерістен өткен компаниялардың қағаздарын айтады. Олардың табысы жоғары, тұрақты. Бизнесін үнемі дамытып отырады. Дивидендтерді де кешіктірмей төлейді. Бұл термин әу баста казинода қолданылған. Көгілдір фишка деп ойындағы ең бағасы қымбат фишканы атайды. Қор нарығында да солай. Көгілдір фишка тізіміне енетін компаниялар қазіргі таңда қор нарығындағы «ауа-райына» әсер ете алады. Әр елдердегі биржалар сенімді компанияларды индекске біріктіріп, котировкаларды бақылап отырады. Сол арқылы қор нарығында не болып жатқанын байқай аласыз.  

Портфель яки инвестициялық қоржын

Сіз брокерден шот ашып, түрлі құнды қағаз сатып алсаңыз, сізде инвестициялық портфель бар деген сөз. Яғни бір брокерлік шотта не бар, соның тізімі тұратын қоржын. Оны реал шот жасамай тұрып виртуал жасап көруге болады. Биржада нені, қандай мерзімге, қандай бағамен, не мақсатта алатыыңызды анықтап алыңыз. Құнды қағазға иелік еткеніңізден табыс алып отырасыз. Сондықтан қаржы құралдарын таңдаған кезде мүлт кетпеуіңіз керек. Барлығы жайлы жақсырақ біліп, оқып, зерттеп алғаныңыз жөн. Инвестициялық портфельге табыс әкелетін кез келген актив кіреді: валюталар мен валюталық депозиттер, банк салымдары, құнды қағаздар, қымбат металдар, пайлар, жылжымайтын мүлік, опцион, фьючерс. Инвестор инвестициялық портфелін қайта-қайта қарап, ребаланс жасап отыруға тиіс. Өйткені әлдебір активтердің бағасы өзгерген кезде қазіргі қағаз пакетін балансқа келтіріп отыру керек. Мысалы сіздің қоржыныңыздың 30 пайызы — дивидендтік акциялардан, 30 пайызы — облигациядан және 40 пайызы индекстік қордан тұрады делік. Жарты жыл ішінде облигациялар қымбаттап кетті де, олардың портфельдегі үлесі артты. Ондай жағдайда кей облигацияларды сатып, балансты қалпына келтіру үшін басқа активтерді сатып алу қажет болады. Өте танымал инвесторлар портфелін жария қылып қояды. Сол арқылы олардың стратегиясына қарап, үйренуге мүмкіндік бар. Сонымен бірге Уоррен Баффет, Билл Гейтс сияқты инвесторлары бар компания көрсеңіз, демек, оларға сенуге болады дегендей нұсқау аласыз.     

Сондай-ақ оқыңыз