ТЖМ шенеунігі 1,5 млн теңге көлемінде пара алғаны үшін 3 жылға сотталды

Жарияланды
Мұхтар Қоқанбаев
ТЖМ-нің Павлодар облысы бойынша, Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің басшысы 3 жылға сотталды / Фото: kursiv.media

Төтенше жағдайлар министрлігі Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Павлодар облысы бойынша департаменті бөлімінің басшысы пара алғаны үшін 3 жылға сотталған. Бұл жайлы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінң баспаөз қызметі хабарлады.

«2024 жылы 17 маусымда Павлодар қаласының № 2 сотының үкімімен Төтенше жағдайлар министрлігі өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті облыстық департаментінің бөлім басшысы Қ.Темірханов 3 жылға бас бостандығынан айырылды», – делінген баспасөз хабарламасында.

Тергеу барысында Темірхановтың өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында жыл сайынғы тексерулер жүргізу кезінде жалпы қамқорлығы үшін кәсіпорын басшысынан 1,3 млн теңге сомасында пара алғаны анықталған.

Қоластындағы қызметкерінің пара алуына жол бергені үшін әрі «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңның 10-бабына сәйкес мемлекеттік органдардың басшылары бағынысты мемлекеттік қызметшілер тарапынан сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарын алдын алмағаны үшін Темірханов қызмет еткен департаменттің басшылары қызметінен босатылған.

«Қылмыстық-процестік кодекстің 200-бабы тәртібінде енгізілген Павлодар облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің ұсынысы бойынша өзінің лауазымдық міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жоғарыда аталған департаменттің басшысы мен оның орынбасары атқаратын лауазымдарынан босатылды», – деп хабарлайды агенттік.

Еске сала кетсек, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің төрағасы Асхат Жұмағали 2023 жылдың тамызында брифинг өткізіп, ТЖМ-де сыбайлас жемқорлықтың 70%-ы бөлімше басшыларымен жасалғанын мәлімдеді.

Мекеме басшысының айтуынша, Төтенше жағдайлар министрлігі бөлімшелерінің әрбір екінші басшысы сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықтар жасайды. Оған дәлел соңғы 5 жылда азаматтық қорғау органдарында 150-ге жуық сыбайлас жемқорлық фактілері тіркелген. Сыбайлас жемқорлық қылмыстары еліміздің барлық өңірінде тіркелген. Мұндай қылмыстар, әсіресе, Алматы, Астана, Шымкент секілді ірі қалаларда, Қостанай және Алматы облыстарында жиі жасалады.

Анықталған қылмыстардың ішінде парақорлық пен жымқыру фактілері басым.
«Заңсыз сыйақы» өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша тексеру актісіне қол қою кезінде, оқудан өткізу, рұқсат беру және жұмысқа орналасу үшін беріліп отырған. 

Ал мамырда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Төтенше жағдайлар министрлігінің лауазымды тұлғаларына қатысты тергеу аяқталғанын хабарлады.

Антикор ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызметінің төрағасына, сонымен бірге Шымкент қаласы мен Жетісу облысы ТЖД бастықтарына қатысты тергеу жүргізген.

Министрліктің лауазымды тұлғалары жалпы сомасы 40 млн теңгедей пара алды деп күдіктеледі. Олар бұл қаражатты бизнес өкілінен жүйелі түрде алып отырған деген күдік бар.

Сондай-ақ оқыңыз