Тағы бір стендап-комик сахнада балағат сөз айтқаны үшін қамауға алынды

Жарияланды 26 Шілде 2024 09:55

(жаңартылды 26 Шілде 2024 10:37)
Ақниет Төленді

Ақниет Төленді

General News бөлімінің редакторы a.tolendi@kursiv.media
Стендап-комик Александр Меркуль қамауға алынды / Фото: paparazzi club, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстандық стендап-комик Александр Меркуль сахнада балағат сөз айтқаны үшін 10 тәулікке қамауға алынды. Ол балағат сөзбен қоса, «Жаңа Қазақстан» туралы әзіл айтқан.

Астана қаласы әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі ауданаралық сотының қаулысына сүйенсек, 2024 жылы 7 маусымда Меркуль әлеуметтік желілерде Астанадағы концертінен бейнежазба жариялаған. Бейнежазбада балағат сөздер айтқан.

Стендап-комик сот отырысында кінәсін мойындап, бейнежазбаның концерт кезінде түсірілгенін растап, оның бір бөлігін командасы әлеуметтік желілерде жариялағанын айтқан.

Бұдан бөлек, сот қаулысына сәйкес, Меркуль 2023 жылдың қыркүйек айының басында «Жаңа Қазақстан» туралы айтып, балағат сөздер қолданған. Бірақ бейнежазба 2024 жылдың маусымында өшірілген.

«Іс материалдарымен толық көлемде танысты. Іс материалдарында жазылғандай «Жаңа Қазақстан» туралы бейнежазбада балағат сөз қолданғанын жоққа шығармайды», – делінген сот қаулысында.

Стендап-комикке бұдан кейін балағат сөздер айтқан жағдайда дыбысты бәсеңдету туралы ескертілген.

Сот Александр Меркульді Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 434-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп тауып 10 тәулікке әкімшілік қамауға алу туралы шешім шығарды. Қамауға алу мерзімі 2024 жылғы 25 шілде сағат 11 бастап есептелген.

24 мамырда тағы бір стендап-комик Нұрасхан Басхожаев сахнада әдепсіз сөздер айтып, блогер Мадленді қорлағаны үшін 15 күнге қамауға алынған.

Сондай-ақ оқыңыз