NVIDIA Қазақстан оқу орындарында жасанды интеллект бойынша қазақ тіліндегі білім беру бағдарламаларын іске қосады

Жарияланды
NVIDIA қазақ тілінде жасанды интеллект бойынша білім беру бағдарламаларын іске қосады /Фото: kursiv.media

NVIDIA Қазақстанның оқу орындарында қазақ тілінде жасанды интеллект бойынша білім беру бағдарламаларын іске қоспақ. Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі компаниямен осындай келісімге келген.

Министрліктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Цифрлық даму министрлігінің делегациясы Сан-Франциско қаласында NVIDIA компаниясының бас кеңсесінде болып, келіссөздер өткізген. Қазақстан өкілдеріне компанияның барлық өнімі, соның ішінде олардың соңғы революциялық Blackwell чипі таныстырылған. Сонымен қатар екі тарап жасанды интеллект пен суперкомпьютерлік технологиялар саласындағы ынтымақтастық перспективалары талқыланған.

«NVIDIA-мен жүргізілген келіссөздер нәтижесінде Deep Learning Institute бағдарламасы  аясында Қазақстанның оқу орындарында жасанды интеллект бойынша білім беру бағдарламаларын іске қосу туралы келісімге келді. Сондай-ақ білім беру мазмұнын қазақ тіліне локализациялау жүргізіледі», – делінген баспасөз хабарламасында.

Сонымен қатар осы саладағы талантты жас мамандарды анықтау және қолдау мақсатында жасанды интеллект бойынша хакатондар мен буткемптер өткізу жоспарлануда. Бұл іс-шаралар жастардың цифрлық  дағдыларын дамытуға және Қазақстанның өңірдегі инновациялар орталығы ретіндегі ұстанымын нығайтуға көмектеседі.

Айта кеткен жөн,  министрлік Қазақстанда  жасанды  интеллектті дамыту үшін NVIDIA чиптерін пайдалана отырып, есептеу қуатын құру бойынша белсенді жұмыс жүргізеді.

Ал Nvidia (NVIDIA Corporation) компаниясы америкалық технологиялық компания,  чиптегі графикалық процессорлар мен  жүйелерді  (SoC) жасаумен айналысады. Nvidia нарықтық капитализациясы 3  трлн  долларға жеткен алғашқы компьютерлік чип компаниясы саналады. Бұл  көрсеткіш бойынша компания Apple-ді басып озды және Microsoft корпорациясынан кейінгі екінші орында тұр.

Еске сала кетсек, «Курсив» Nvidia компаниясының Microsoft-ты басып озып, әлемдегі ең қымбат компанияға айналғаны туралы жазды. 19 маусымда Nvidia акцияларының бағасы 135,53 долларға дейін жетті. Бұл бір күн бұрынғы сауда бағасынан 3,5%-ға жоғары және рекордтық көрсеткіш. 2024 жылдың басымен салыстырғанда Nvidia акциялары 170%-ға қымбаттаған.

Нәтижесінде Nvidia-ның нарықтық құны бір күнде 3,34 триллион долларға жақындап, ал Microsoft-тың нарықтық құны шамамен 3,26 триллион долларды құрайды. CNBC жазуынша, Microsoft акциялары 0,8%-ға төмендеген.

Сондай-ақ оқыңыз