Бектенов заңсыз ағаш кесумен айналысатындарды «мемлекеттің жауы» деп атады

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Бектенов заңсыз ағаш кесушілерге түбегейлі соққы беруі керек деп санайды / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Заңсыз ағаш кесумен айналысатын ұйымдасқан қылмыстық топтар бар, олар – мемлекеттік жауы. Осындай мәлімдеме жасаған Премьер-министр Олжас Бектенов орман ағаштарын заңсыз кесуге қарсы күресті күшейтуді тапсырды.

Үкімет басшысы Абай облысына жұмыс сапары барысында «Семей орманы» табиғи резерваты аумағын әуеден тексерді.

Бектенов «Семей орманы» аумағында  алдымен құқықтық тәртіптің сақталуын қатаң бақылау қажеттігін айтады. Бүгінде Ішкі істер министрлігі мен ҰҚК қызметкерлері прокуратураның үйлестіруімен орманды заңсыз кесу және ұрлау фактілерін анықтаған.

«Өткен жылы алапат өрт орын алды – біз 66 мың га орман қорын жоғалттық. Бұл бүкіл «Семей орманы» алқабының оннан бір бөлігі, сондықтан орман өрттерінің алдын алу өте маңызды міндет. Біз Президенттің тапсырмасы бойынша биыл бірінші болып соққы қабылдайтын ТЖМ және орман шаруашылығы құрылымдарын техникамен жабдықтау бағдарламасын қолға алдық. Аталған бағдарламаны жалғастырып, сіздерді заманауи техникамен қамтамасыз етеміз», деді Бектенов.

Үкімет басшысы заңсыз ағаш кесумен айналысатын ұйымдасқан қылмыстық топтар туралы да сөз қозғады.

«Олармен күресу керек. Сіздер олардың бар екенін менен жақсы білесіздер. Мен тіпті жекелеген қызметкерлерге заңсыз ағаш кесуге кедергі келтірмеу қаупі төніп тұрғанын білемін. Міне, мұнымен күресу керек. Бұл жерде Ішкі істер министрлігі өте мұқият назар аударуы қажет. Орман – біздің ұлттық байлығымыз. Заңсыз ағаш кесумен айналысатындар – мемлекеттің жауы. Мұнда бүкіл мемлекет күш салып, түбегейлі соққы беруі керек. Бұл сіздердің және құқық қорғау органдарының міндеті», — деп атап өтті Премьер-министр.

Олжас Бектенов «Семей орманы» резерватының, облыстық ТЖД мен әкімдікке өртке қарсы қызметтердің күштері мен құралдарының тұрақты әзірлігін қамтамасыз етуді тапсырды. Ендігіде мұндай апаттардың қайталануына жол берілмеу керек екенін тағы да еске салды.

«Орман алқаптарын сақтау мәселесі және өртке қарсы шараларды қабылдау біздің ерекше назарымызда болады. Мұндай апаттардың қайталануына жол беруге болмайды. Апаттың алдын алу шараларын қағаз жүзінде емес, нақты іс жүзінде толықтай жүзеге асыру маңызды. Ол үшін біз резерватты жарақтандыруды жалғастырамыз, оның ішінде орман өрттерін ерте анықтау жүйесін орнатамыз», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Еске салсақ, былтыр өртке оранған «Семей орманы» филиалының директоры жуырда ұсталды. Бұдан бөлек орманды заңсыз отады деген күдікпен полицияға 20-дан астам адам жеткізілген. Тінту барысында оталған ағаш, ағаш өңдеу станоктары, ақша мен құжаттар тәркіленген. Күдіктілер қазір уақытша ұстау изоляторына қамалған.

Өткен жылы «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты» РММ басшылығы кәсіпкерлерден жүйелі түрде пара алды деп танылып, 10 жылға сотталған еді. Мемлекеттік мекеменің үш басшысы ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында кәсіпкерлерден жүйелі негізде 700 мыңнан 13 млн теңгеге дейін пара алған. Резерват аумағында санитарлық тазалау мен ағаш кесуге рұқсат беріп, мемлекеттік сатып алу жөніндегі шарттарға кедергісіз қол қойып отырған.

Антикор Павлодар облысында бюджет қаражатын жымқырды деп айыпталған «Ертіс орманы» мемлекеттік орман резерваты қызметкерлеріне қатысты да сотқа дейінгі тергеуді аяқтады.

«Шарбақты ауданының аумағында «Ертіс Орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының бас директоры бастаған ұйымдасқан қылмыстық топ 2022 жылдың сәуірі мен 2023 жылдың желтоқсаны аралығында технологиялық және отын ағаштары түріндегі іскерлік сүректі заңсыз сату арқылы шамамен 153 млн теңге сомаға орман ағаштарын ұрлаған», – деп мәлімдеді ведомство.

2023 жылдың 8 маусым күні «Семей орманы» табиғи қорығын алапат өрт жайлады. Өртті сөндіруге кеткен 15 адам қаза тапты.

11 маусымда Қазақстан Президенті Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасына Абай ауданындағы өртті жою бойынша уәкілетті органдардың іс-әрекетіне баға беруді тапсырды. Кейін Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлағандай, адам өліміне және қоршаған ортаға елеулі залал келтіруге әкеп соққанын ескере отырып, арнайы прокурор немқұрайлылық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. 

Сондай-ақ оқыңыз