Қазақстанның тағы бір теннисшісі Париж Олимпиадасынан шығып қалды

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Тағы бір теннисші Олимпиадаға қатыспайды / Фото: Қазақстанның теннис федерациясы

Қазақстанның тағы бір теннисшісі Париж Олимпиадасынан шығып қалды. Юлия Путинцева тізесінен жарақат алып, Олимпиада ойындарына қатыса алмайды. Бұл туралы Қазақстан теннис федерациясы хабарлады.

Путинцева Парижге ұшып барып, ойынға дайындалған. Алайда украиналық Марта Костюкпен бастапқы ойын алдындағы дайындық кезінде тізесінің ауырғанын сезініп, матчтан баст тартқан.

Еске салсақ, Уимблдонда әлемнің бірінші ракеткасы Ига Швентекті жеңгеннен кейін Юлия тізесінің ауырғанына шағымданған.

Қазақстан теннис федерациясының вице-президенті Диас Досқараев жағдайды былай деп түсіндірген:

«Париж Олимпиадасы біз үшін нағыз сынақпен басталды. Бұрнағы күні Елена Рыбакина денсаулығына байланысты жарыстан шет қалды, бүгін біздің командада жарақатына орай Юлия Путинцева қатардан шықты. Біз оларға үлкен үміт артқан едік, өте қапалымыз. Елена мен Юлия да Олимпиадада ойнау мүмкіндігінен айырылғанына өкінеді. Біз жанкүйерлерді осындай күрделі кезеңде барлық ойыншыларымызды қолдауға шақырамыз. Қиындықтарға қарамастан, біз алға шығып, еліміздің жалауы астында жаңа жеңістерге ұмтылатын боламыз».

Бұған дейін теннисші Елена Рыбакина Париж Олимпиадасына қатыспайтыны белгілі болды. Қазақстан теннис федерациясы спортшының денсаулығында кінәрат болғандықтан, осындай шешім қабылдады деп түсіндірді.

Бронхитпен ауырып қалған спортшыға дәрігерлер кортқа шығуға ғана емес, жарысқа қатысуға да үзілді-кесілді тыйым салған көрінеді.

Сондай-ақ оқыңыз