Ердоған Түркияның Израильге де басып кіре алатынын, оған ештеңе кедергі болмайтынын мәлімдеді
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Израильге басып кіре алатынын ескертті. Ол сондай-ақ мұны істеуге ештеңе кедергі болмайтынын мәлімдеді.
Президент Ердоған Ризе провинциясында өткен жиында елдің қорғаныс өнеркәсібінде Түркияның үлкен жетістіктерге жеткенін айта келе Израильге қатысты мәлімдеме жасаған.
«Израильдің Палестинаға бұларды жасамауы үшін біз өте күшті болуымыз керек. Қарабақ пен Ливияға кіргеніміздей, оларға дәл солай істей аламыз. Мұны істеуге бізге ештеңе де кедергі бола алмайды. Бұл қадамдарды жасау біз күшті болуымыз керек», –деп ашық айтқан Ердоған.
Түркия басшысының бұл мәлімдемесіне Израильдің Сыртқы істер министрлігі де жауап қатқан.
Елдің Сыртқы істер министрі Исраэль Кац осыған дейін Израильге Ирак басшысы Саддам Хусейннің де басып кірмекші болғанын, оның немен аяқталғанын естен шығармауын ескертті.
«Ердоған Саддам Хусейннің ізін басып, Израильге шабуыл жасаймын деп қорқытып жатыр. Ол жерде не болғанын және оның қалай аяқталғанын есіне түсірсін», – деп жауап берген Кац.
Еске сала кетсек, сәуірде Түркия Газадағы атыс тоқтағанға дейін Израильге экспорттық шектеулер енгізген болатын. Түркия бұл елге 54 түрлі өнім түрін тасымалдауға шектеу қойды.
Түрік сауда министрлігі Анкара 2023 жылдың қазан айынан бастап қақтығысты бейбіт жолмен шешуге тырысып келгенін, алайда Израиль билігі «халықаралық құқықты өрескел бұзып» келе жатқанын атап өткен.
Ал 2 мамырдан бастап, Түркияның Израильмен барлық экспорт пен импорты тоқтағаны туралы Bloomberg басылымы хабарлады.
Мұның алдында Режеп Тайып Ердоған Газада болған оқиға адамзатқа қарсы қылмыс екенін, бұл – соғыс қылмысы, қылмыскерлер халықаралық құқық алдында жауап беруі керек екенін мәлімдеген.
«Түркия Палестина мемлекетін құру жауапкершілігін өз мойнына алуға дайын!», – деп қорытты сөзін Ердоған.
Газа секторындағы шиеленіс палестиналық Хамас тобының Израильдің оңтүстігіне жасаған шабуылынан кейін 7 қазаннан бері жалғасуда. Одан кейін 1200-ге жуық адам қаза тауып, 200-ден астамы содырлардың тұтқынына алынды. Израиль қорғаныс күштері бұған жауап ретінде «Темір қылыштар» операциясын бастады. Жергілікті денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, алты айда Газада қаза тапқандар саны 34 мыңнан асты.