«Ұлы ротация», банктер трежеризді сатып жатыр, ФРЖ отырысынан не күтуге болады?
Уолл-стриттің жетекші стратегтері бигтех акцияларының құлдырау шегі әлі алыс деп ескертеді. «Ұлы ротация» – капиталдың small cap секторына ағыны көп жағдайда осы аптадағы ФРЖ-дан келетін ескертулерге байланысты болады. Тап қазір АҚШ-тың өңірлік банктері ақша-несие саясатының жұмсаруына дайындалып шығынды трежеризді сатып, жаңаларын сатып алып жатыр. Осы және басқа да тақырыптар туралы өткен демалыс күндеріндегі әлемдік БАҚ шолуынан оқыңыз.
Уолл-стрит стратегтері: неліктен технологиялық компаниялардың акцияларын жаппай сату әлі аяқталған жоқ?
Уолл-стриттің жетекші стратегтері бигтех акцияларының құлдырауы әлі аяқталған жоқ деп ескертеді. Мысалы, Verdence Capital Advisors компаниясының бас инвестициялық директоры Меган Хорнеман АҚШ қор нарығындағы бұл жағдайды «бағалаудағы түзету» деп санайды. Оның пікірінше, жасанды интеллект саласы «тығырыққа тірелді» және нарықтағы түзету де енді басталып жатыр.
Commonwealth Financial Network компаниясынан Брэд Макмиллан да осындай пікірде: «Алда бізді бұдан да зор қиындық күтіп тұр», – деді ол Yahoo Finance-ке берген түсініктемесінде.
Goldman Sachs дерегі бойынша, бигтех өкілдерінің ЖИ-ға жұмсайтын шығыны ұлғайып, табысы азайған мынадай жағдайда көш басына басқа секторлар шығуы мүмкін. Тек ірі технологиялық компаниялар кіріс жөніндегі болжамын арттырса ғана мұндай өзгеріс болмай қалатын шығар. Олардың 2024 және 2025 жылдары ғылыми зерттеу және тәжірибелік конструкторлық жұмыстарға жұмсалатын күрделі шығындары мен шығыстарының консенсустық бағасы 2024 жылдың басындағы болжаммен салыстырғанда 65 млрд долларға өсті. Алайда сарапшылар 2025 және 2026 жылдарға арналған сатылым болжамын небәрі 36 млрд долларға көтерді: «2027, 2028, 2029 жылдардың қайсысында олар көш басына қайтадан оралады, әлде енді қайтып оралмай ма, ол жағы әзірге белгісіз», – делінген Goldman Sachs-дің клиенттеріне арналған жазбасында.
Технологиялық компаниялар мен капиталдануы шағын компаниялар акцияларының ендігі тағдыры ФРЖ жасайтын қадамға байланысты
Осы аптада ФРЖ мөлшерлеме жөнінде отырыс өткізеді. Нарық оны төмендейді деп күтпейді, бірақ Уолл-стриттің ойынша, ФРЖ капиталдануы шағын компаниялардың жеңісті дәурені жалғасар-жалғаспасын меңзейтін белгі берілуі мүмкін деп есептейді Market Watch.
Өткен аптада америкалық нарықтарда ірі технологиялық компаниялар акциялары оқыстан жаппай сатыла жөнелді. Капитал шілденің басында-ақ капиталдануы шағын компанияларға (small cap) ағыла бастады және бұл құбылысқа трейдерлер айғайлатып «Ұлы ротация» деген атау беріп үлгерді.
«Small cap акцияларын қадағалайтын Russell 2000 индексі соңғы 12 сауда күнінде 10,2%-ға өсті және S&P 500-ден 13,3%-ға асып түсіп, осындай уақыт аралығындағы рекордқа айналды», – дейді Dow Jones Market Data. Composite те Nasdaq-тан 17,1%-ға асып түсті, бұл – оның екінші реттік Nasdaq-дан 12 күндік артықшылығы болды.
Бұл – АҚШ-тағы мөлшерлемелердің жуырда төмендейтіні мен бигтехтің екінші тоқсандағы алғашқы есебінің тәуір болатынына деген үміттің нығаюының белгісі. «Есептердегі пайда мөлшері жаман емес, бірақ мәселе сонда, «Керемет жетілік» акцияларының құны қайтадан өсуі үшін пайда мөлшері керемет болуға тиіс еді», – деді John Hancock Investment Management компаниясының бас инвестициялық стратегі Эмили Роланд.
Егер ФРЖ осы аптада мөлшерлемелердің жуырда төмендейтіні туралы белгі берсе, бұл «Ұлы ротацияға» көрсетілген қолдау болмақ. «Әдетте мөлшерлемелердің төмендетілуі капиталдануы шағын компаниялар үшін тиімді, себебі олар несие құнына аса сезімтал келеді, – деп түсіндірді Томас Мартин. – Пайыздық мөлшерлемелер төмендетілсе, несие пайыздары да, small cap атаулының операциялық шығыны да азайып, пайда мөлшері артады».
Оның пікірінше, нарықта «қайта сұрыптау» жалғасып, инвесторларды ішінара «өсу акцияларын құн акцияларына» ауыстырумен портфелін әртараптандыруға мәжбүрлейді.
АҚШ-тың өңірлік банктері шығынды трежеризді сатып жіберіп, жаңаларын сатып алып жатыр
АҚШ-тың өңірлік банктері шығынға ұрынса да, үкіметтік облигациялардан құтылып, ФРЖ мөлшерлемелері төмендеген кезде пайда әкеледі деген үмітпен жаңа трежериз сатып алып жатыр деп жазады Yahoo Finance. Инвесторлар қыркүйекте-ақ ақша саясаты жұмсарады деп күтеді.
Өткен аптада PNC Financial Services Group, Truist, Regions және Webster мемлекеттік облигацияларды сататыны туралы жариялады. Сарапшылар басқа өңірлік банктер де осылай етеді деп күтеді.
Бір жыл бұрын Silicon Valley Bank-тің дәл осылай мемлекеттік облигацияларды жаппай сатуы инвесторлар мен салымшыларды дүрліктірген болатын. Ал қазір нарық бұған үйренген, себебі банктер клиенттерге депозиттерді шұғыл қайтармайды ғой, сондай-ақ олар ақша-несие саясатының жұмсаруына дайындалып жатыр.
PNC облигацияларды сатудан жарты миллиард доллар мөлшерінде шығынға ұшырады және түскен қаражатты сатылған бағалы қағаздарға қарағанда кірістілігі шамамен 400 базистік тармаққа жоғары бағалы қағаздарға қайта салды. Truist кірістілігі небәрі 2,80%-ды құрайтын облигацияларды сатып, 5,1 млрд доллар мөлшерінде шығынға ұшырады. Түсімнің бір бөлігі – 29,3 млрд долларды банк кірістілігі 5,27% жаңа облигацияларды сатып алуға жұмсады.
«Мөлшерлемелер циклінің өзгеруі банктердегі пайда көлеміне қатты әсер етеді», – дейді Moody’s Ratings сарапшысы Меган Фокс.
АҚШ-та кеңселік жылжымайтын мүлік несиесінің мәселесі шиеленісіп жатыр
Өткен аптада болған бірнеше оқиға АҚШ-та кеңселік несиенің дағдарысы енді ғана басталғанын көрсетті деп жазады Bloomberg. Пайыздық мөлшерлемелердің төмендетілуі құлдырауды залалсыз қыла алмайды.
Агенттіктің мәліметінше, Deutsche Bank AG АҚШ-тағы коммерциялық жылжымайтын мүліктің проблемалық несиелерін өтеуге көп ақша бөлді, ал Blackstone ипотекалық трасты осы сектордағы түйткілдерге байланысты дивидендтерді қысқартты. Бұдан басқа New York Community Bancorp акциялары да едәуір арзандады.
MSCI Real Assets мәліметінше, несие дұрыс төленбей, АҚШ-тың құны 94 млрд доллардан астам коммерциялық жылжымайтын мүлкі тұсауда қалып отыр. Құны 201 млрд долларлық орындар да осы санатқа көшудің алдында тұр.
«Алдағы екі жылда 1,5 трлн доллар көлемінде кредитті өтеу қарқыны күшейеді. Оның салдары аса жақсы болмайды, – деп есептейді Pacific Investment Management Co компаниясынан Джон Мюррей мен Франсуа Трауш. – Кредиторлар мен қарыз алушылар қарызды өтеу түйткілдерімен бетпе-бет келеді. Жақын болашақта бағалау құны тағы түседі деп ойлаймыз, ол кезде кредит мерзімін ұзарту негіздемесі әлсіреп, жағдай одан әрі қиындайды».
Мюррей мен Трауштың айтуынша, АҚШ-тағы коммерциялық жылжымайтын мүлік құны 2021 жылғы максимумнан 20-40%-ға төмен болып қала береді және бұл нарықтағы кедергілер қалыпқа келу мерзімін әлемдік қаржы дағдарысынан кейінгі кездегіден де гөрі ұзақ етеді.