Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша жүк тасымалдау 65%-ға артқан

Жарияланды
Транскаспий бағыты
Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша жүк тасымалдау көлемі 2,1 млн тоннаны құраған / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Денис Андреев

Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша жүк тасымалдау 65%-ға артқан. Бұл жайлы Үкімет үйі жариялаған есепте жазылған.

«Биылғы 6 айда Транскаспий халықаралық көлік бағыты (ТХКБ) бойынша жүктерді тасымалдау көлемі 65%-ға артып, 2,1 млн тоннаны құрады»,- делінген есепте.

Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткішке қарағанда екі есеге артық. 2023 жылдың шілде айында Транскаспий халықаралық көлік маршруты арқылы тасымалданған жүк көлемі 1,3 млн тоннадан асқан болатын.

Үкімет порттарды дамыта отырып, теңіз көлігі-логистикалық кластерін құруды көздеп отыр. Солайша бұл бағыттағы көрсеткіштерді ұлғайтпақ.

Атап айтқанда, Теңіз инфрақұрылымын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспары қабылданған. Оның негізінде Ақтау және Құрық порттарының базасында ірі теңіз көлік-логистикалық кластері құрылады.

«Бұл контейнерлерді өткізу қабілетін арттыруға, жүктерді ауыстырып тиеу терминалдарын және халықаралық тасымалдардың логистикасын дамытуға, сондай-ақ әкімшілік кедергілерді азайтуға мүмкіндік береді»,- делінген Үкімет үйінің хабарламасында.  

Осы жоспар негізінде Құрық портының акваториясын тереңдету жұмыстары жоспарланып отыр. Сондай-ақ алдағы уақытта Ақтау портында контейнерлік хаб салу жұмысы қолға алынады. Жобалардың негізгі үлесі жеке инвестициялар есебінен салынатыны айтылған. Оның ішіне Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту шеңберінде жоспарланған инвестициялар да кіреді.

2024 жылдың бірінші жартыжылдығында автомобиль көлігімен жүктерді экспорттық-импорттық тасымалдау көлемі 3,8 млн тоннаны құраған. Ал жүктерді транзиттік тасымалдау көлемі 2,4 млн тоннаға жеткен.

Сонымен бірге биыл Қазақстан мен Каспий теңізі арқылы Құрық және Баку теңіз порттары бойынша Қытай – Қазақстан – Әзербайжан – Грузия бағытында Қытайдан Еуропаға жүктер тестілеу режимінде автокөлікпен транзиттік тасымалдана бастады.

Еске сала кетсек, мамырда ТХКБ арқылы өтетін контейнерлік тасымалдау көлемі 10 есе артатыны хабарланды. 2040 жылдарға қарай Қытай мен Еуропаны жалғап жатқан Транскаспий халықаралық көлік бағыты (ТХКБ) арқылы Орталық Азия мемлекеттері 800 мыңға дейін контейнер жөнелтетін болса, ал Қытай-Еуропа арасындағы жүк тасымалы көлемі 470 мыңға дейін жетпек.

Сондай-ақ оқыңыз