️Қазақстанда KASE мен AIX жұмысын синхрондау және қор нарығын дамыту үшін арнайы холдинг құрылуы мүмкін

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
KASE мен AIX біріктіріле ме? / коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қазақстанда KASE мен AIX жұмысын синхрондау және қор нарығын дамыту үшін арнайы холдинг құрылуы мүмкін. Бұл туралы сауда алаңының басшысы Алина Алдамберген мәлім етті.

«Мемлекет басшысы биржа әлеуетін біріктіру жөнінде тапсырма берді. Биржалардың өзін біріктіру қазір қарастырылып жатқан жоқ. Сонымен бірге биржалардың жұмысын біріктіру қор нарығын дамыту, шетелдік инвесторларды тарту және Қазақстанның экономикалық өсуіне жәрдемдесу бойынша қызметін синхрондау көзделген. Қазақстан нарығының мүддесіне сай стратегиялық шешімдер қабылдайтын холдинг құру мәселесі қарастырылуда», – деді сауда алаңының басшысы.

Еске сала кетсек, 2023 жылдың қыркүйегінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы биржалардың әлеуетін біріктіру мәселесін пысықтауды тапсырған болатын. Президент мұны екі қор биржасының негізінен бір-бірін қайталайтындығымен, кейде тіпті бір-бірімен бәсекелесетінімен түсіндірді. 

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы Мәдина Әбілқасымова қос биржаны біріктіруде Қатар елінің тәжірибесіне сүйенеміз деген болатын.

Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының басшысы Елена Бахмутова екі биржаны KASE базасында шоғырландыру керек деп санайды: өйткені мұнда негізгі өтімділік шоғырланған.

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Мәскеу биржасына қарсы санкцияларға байланысты KASE және AIX биржаларын біріктіру мәселесі уақытша тоқтатылғанын мәлімдеді.

Сондай-ақ оқыңыз