300 грант – 31,5 мың талапкер: алғаш рет енгізілген 50 пайыздық білім гранты кімдерге беріледі?

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Биылғы жылы бас-аяғы 300 сараланған грант бөлініп отыр / Фото: архив kursiv.media 

Биыл еліміздегі жоғары оқу орындарында сараланған грант моделі енгізіледі. Бұл пилоттық жоба ретінде алғаш рет енгізіліп отыр. Сараланған грант деген не және ол қай мамандықтарға бөлінді? Сараланған грант иегері болуы үшін талапкер қандай талаптарға сай болу  керек? Осы сұрақтардың жауабын білу үшін «Курсив» Ғылым және жоғары білім минитстрлігіне ресми сауал жолдады.

Енді студенттер оқу ақысының тең жартысын өзі төлесе, қалғанын мемлекет өтеп береді. Жоғарғы оқу орнына түсетін талапкерлерге алғаш рет осындай жеңілдік жасалып отыр. Сараланған гранттың басты артықшылығы осында. Ғылым және жоғарғы білім министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 50 пайыздық білім грантына осы жылы 300 сараланған грант бөлінген. Бір ескеретіні мемлекет ұсынған бұл жеңілдік барлық мамандыққа бірдей берілмейді. Әзірге ол екі бағыттағы мамандықтарға түсуге ниет танытқан жастарға ұсынылады.

 «2024 – 2025 оқу жылына 300 сараланған грант «Педагогикалық ғылымдар»(150 грант) және «Әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат» (150 грант) бағыттары бойынша көзделген», – делінген ресми сауалға берген жауапта.

Сараланған грантта басымдық кімдерге беріледі?

31,5 мың талапкер 300 сараланған грантқа таласады. Өйткені 50 пайыздық білім грантына осынша талапкер үмітті болып отыр. Басымдық кімдерге және қандай шартпен беріледі дегенге тоқталсақ. Айталық талапкер ҰБТ-да жоғары балл алып, бірақ грант тағайындау конкурсына ілікпей қалса, онда осы сараланған грантқа үміткер бола алады. Ол да конкурстық негізде қарастырылатын болады. Сараланған грант иегерлеріне де толық стипендия қарастырылған.

Айта кетейік, ЖОО үшін білім гранттарын тағайындау конкурсына 104 мыңнан астам талапкер қатысуға өтініш берді. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 10 мыңға артық.

Министрліктің мәліметіне сүйінсек, биыл бакалавриатқа түсу үшін 79 мыңға жуық грант бөлініп отыр. Гранттардың басым бөлігі инженерлік және техникалық бағыттарға бөлінген. Сондай-ақ «Серпін» бағдарламасы арқылы оқуға түсушілерге 3 903 грант бөлінген. Халық тығыз орналасқан және батыс өңірлерден келген жастар үшін жетекші жоғары оқу орындарынан 5 000 нысаналы білім беру гранты бөлінді.

«Ең көп таңдалған қала — Алматы, 42 мың бала оңтүстік астанамызды студенттік шақ өткізу үшін таңдаған. Елорданың оқу орындарында оқу үшін 22 мың өтініш қабылданса, 6,5 мың адам Шымкент университеттерінде оқуға ниет білдірген», — делінген хабарламада.

Жоғары білім министрлігінің байқауынша, «Педагогикалық ғылымдар», «Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары» және «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» сияқты бағыттарға талапкерлер тарапынан өтініш көп түскен. Министрлік бұл үрдіс бірнеше жыл қатарынан сақталып келе жатқанын атап өтті.

Сондай-ақ оқыңыз