Ресей бидайы ішкі нарық пен экспорттық бағыттарға қысым көрсете бастады: Қазақстан тағы да бидай импортына тыйым салды

Жарияланды (жаңартылды )
Бидай импортына 2024 жылдың 31 желтоқсанына дейін тыйым салынады /Фото: kursiv.media

Қазақстан билігі ел аумағына автомобиль, су және теміржол көлігімен бидай әкелуге тыйым салу мерзімі жарты жылға ұзарды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің тиісті құжаты «Ашық» НҚА порталына орналастырылды.

«Қазақстан Республикасының аумағы арқылы бидайдың транзитін, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасының аумағы арқылы Еуразиялық экономикалық одаққа мүше бір мемлекеттің аумағынан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше екінші мемлекеттің аумағына орын ауыстыруын қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағына үшінші елдерден және Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен көліктің барлық түрлерімен бидай әкелуге 2024 жылғы 31 желтоқсанға дейінгі мерзімге тыйым салу енгізілсін», – деп жазылған бұйрықта.

Үкімет барлық транзит түрімен бидай әкелуге тыйымды 2024 жылдың 11 сәуірінде салған болатын. Алайда салынған тыйым Ресейден келетін астық ағынына тосқауыл бола алмаған. Ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарлауынша, 2024 жылдың алғашқы 5 айында елге Ресей Федерациясынан 1 млн тоннадан астам бидай әкелінген екен.

«5 айдағы статистика деректері бойынша, 2024 жылы РФ-дан бидай импорты 1,1 млн тонна, 190,5 млн долларды құрады. Бұл 2023 жылғы ұқсас кезеңімен салыстырғанда 10%-ға артық. Барлық импорт Ресей федарациясынан жүзеге асырылады. Шектеу шараларына қарамастан, ағымдағы жылдың бірінші жартысында РФ бидай импорты 1 миллион тоннадан асты. Ресейлік астықтың қысымы ішкі нарықта да, экспорттық бағыттарда да бидай бағасының төмендеуіне әкеледі», – деп түсіндіреді министрлік.

Сонымен бірге бұл тыйымға Қазақстандағы астық қорының мол болуы себеп болған. Министрлік мәліметінше, 1 шілдедегі жағдай бойынша республикада шамамен 6,1 млн тонна астық қоры бар. Оның ішінде бидай – 5,1 млн тонна. 4 млн тоннасы азық-түлік мақсатында пайдаланылады.

«Осылайша, өткен жылғы егіннің үлкен ауыспалы қорларын, сондай-ақ осы жылғы астықтың жақсы өнімін ескере отырып, элеваторларды жаңа егінді қабылдауға дайындау, отандық ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдау мақсатында ВАК отырысында ҚР аумағына бидайға толық тыйым салу туралы шешім қабылданды», –делінген Үкіметтің түсіндірме құжатында.

Жалпы биыл Қазақстанда астық бітік шыққан. Яғни күзге қарай бидай мол болады деген болжам бар. Мұндай жағдайда Қазақстанның ішкі нарығында Ресей астығының көп болуы салаға кері әсер етуі мүмкін. Атап айтқанда, нарықта бидай көп болса, отандық диқандар астықты өзіндік құнына жақын бағада сатуға мәжбүр болады. Бұл шаруалардың кредиторлар алдындағы міндеттемелерін уақтылы орындамауына алып келеді.

Жалпы Қазақстанның астық нарығына Ресей бидайының сұр импорты кедергі келтіріп, бидай бағасының құлдырауына әкеп жатқаны жайлы 2023 жылдан бері айтылып келеді. Өткен жылдың күзінде Мәжіліс депутаты Альберт Рау агроөнеркәсіптегі үлкен проблемаларды Ресей астығының нарыққа кіруімен байланыстырған болатын.

«Ашығын айту керек, аграрлық сала тарихын еске алсақ, мұндай қиындығы көп болған жылды біздің ақсақалдарымыз да көрмеген шығар. Астық бағасы қатты құлдырап, ресейлік астықтың нарықты жаулаған кезі осы уақытқа дейін «болған емес», деп мәлімдеді депутат.

Ал бұдан бұрын «Қазақстанның астық одағы» Сауда комитетінің басшысы Александр Малов Қазақстанның Иран нарығынан айырылып қалуы мүмкін екенін айтты.

«Соңғы 5 жылда Қырғызстан нарығын жоғалтып алғанымыз факт. Бүгінде не болып жатыр дегенге келер болсақ, биыл Иран нарығынан сөзсіз айрыламыз. Ресей астығы мен жемдік дақылдар, сонымен қатар арпа төмен бағасымен және көлемімен нарықты басып алды. Қазақстанда арпа негізгі экспорттық дақылдардың бірі. Алайда еліміз Иран бағытында астық пен арпаға қатысты баға жағынан да, қандай да бір көрсеткіштер бойынша да бәсекеге қабілетті емес», – деді одақ өкілі.

Сондай-ақ оқыңыз