АҚШ-тың Федералды резерв жүйесі базалық мөлшерлемені сегізінші рет өзгеріссіз қалдырды
Федералды резерв жүйесі (ФРЖ) базалық мөлшерлемені сегізінші рет қатарынан жылдық 5,25-5,5% шегінде өзгеріссіз қалдырды. Бұл туралы реттеушінің ресми хабарламасында жазылған.
Базалық мөлшерлеме 2023 жылдың шілдесінен бері осы деңгейде тұр.
Баспасөз мәлімдемесінде ФРЖ экономикалық белсенділік жоғары қарқынмен өсіп жатқанын атап өткен. Реттеушінің келесі шешімдері экономикалық көрсеткіштерге тікелей байланысты болады.
ФРЖ басшысы Джером Пауэлл еңбек нарығындағы тұрақтылық жағдайында инфляцияны 7%-дан 2,5%-ға (мақсатты 2%) төмендетуде айтарлықтай ілгерілеу бар екенін атап өткен. Алайда Комитет инфляция 2 пайызға дейін төмендейтініне нақты сенім болмайынша, мақсатты диапазонды азайту орынсыз деп есептейді.
«Пайыздық мөлшерлемелерді төмендетудің бірнеше жолын қарастырып жатырмыз. Оның ішінде бірнеше базистік пунктіге азайту да бар», – деді ФРЖ төрағасы.
ФРЖ шешімі нарық болжамымен сәйкес келді. FedWatch құралының 31 шілдедегі дерегіне сәйкес, нарық қатысушыларының 95,9%-ы реттеуші базалық мөлшерлемені сақтайды деп пікір білдірген. Трейдерлер мөлшерлеменің 25 битке төмендеу ықтималдығын 4,1% деп бағалады. Инвесторлар ФРЖ мөлшерлемесі төмендейді деген үмітпен бигтехтерден шағын компанияларға кетті.
Bloomberg сауалнамасына қатысқан экономистер де ФРЖ мөлшерлемені 5,25-5,5% аралығында сақтайды деп тұжырымдаған. Осы ретте Fitch агенттігі ФРЖ мөлшерлемелерді қыркүйек пен желтоқсан айында екі рет төмендетеді деп болжайды.