Шілдеде инфляция қайта қарқын алды: жылдық инфляция бір айда 8,3 %-дан 8,6%-ға жетті

Жарияланды (жаңартылды )
Business News бөлімінің редакторы
жылдық инфляция
Шілдеде жылдық инфляция 8,6 пайыз деңгейінде қалыптасты / Фото: shutterstock

Шілде айында жылдық инфляция – 8,6%, ал айлық инфляция 0,7%-ды құрады. Маусым айымен салыстырғанда, айлық инфляцияның сәл қарқын алғаны байқалады.

Маусымда Қазақстандағы жылдық инфляция 8,4%-ды құрағаны белгілі. Ал айлық инфляция 0,4 % деңгейінде қалыптасқан еді. Айлық инфляция көрсеткіші мамырда да осы деңгейде болды Алайда еліміздің 9 бірдей өңірінде инфляция республикалық деңгейден жоғары қалыптасқан.

Өткен айдағы инфляция көрсеткіші сарапшылар болжамынан асып түсті. Мамандар шілде айында инфляция 8,3 % деңгейінде қалыптасады деп болжам жасаған.

Бір айда ақылы қызмет бағасы 1,6% өссе, азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 0,7%, азық-түлік тауарлары 0,2% қымбаттаған.

Ресми статистикаға сүйенсек, әсіресе, ұялы байланыс пен әуе билеттерінің, демалыс орындарының бағасы бір айда 10 %-дан аса өсті. Сұйытылған газ бағасы да көтеріліп, 5,3% қосты.

Азық-түліктен қырыққабат бағасы 16,8%, картоп – 7,5%, пияз – 7,3% қымбаттаған. Темекі өнімдері – 3,8%, минералды су 1,6% өсті. Бір айда қызанақ бағасы 18,2%, тәтті бұрыш – 11,2%, қызылша – 6,3%, қияр – 5,8%, сәбіз 2,1% арзандаған.

Өңірлердің ішінде ең жоғары айлық инфляция Астана қаласында – 1,3% (орташа республикалық деңгейден 0,6 п.т. жоғары), ең төмені Қостанай облысында – 0,2% тіркелген.

ЕАДБ сарапшыларының бағалауынша, 2024 жылдың соңында инфляция 8,3 %-ға төмендейді. Бұл алдыңғы болжамнан 1,2 %-дық тармаққа жоғары. Ал Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) миссиясы жыл соңына қарай Қазақстанда инфляция 8% болады деп болжайды. 

AERC сарапшылары Қазақстандағы инфляция күзге қарай 8,1%-ға дейін бәсеңдейді деп пікір білдірген.

Сондай-ақ оқыңыз