Жапония Қазақстанға жаңа сауда жолын ұсынып, экономикалық қолдау көрсетеді

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Жапония Қазақстанға жаңа сауда жолын ұсынады / коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Жапония Орталық Азия елдеріне Ресей аумағына кірмей Каспий теңізі арқылы Еуропамен байланыстыратын сауда жолын құруға көмектеседі. Бұл туралы The Japan Times басылымы хабарлады.

Басылымның мәліметіне сүйенсек, жапон премьер-министрі Фумио Кисида 9-12 тамыз аралығында Қазақстанға іс-сапармен келеді. Дипломатиялық сапар кезінде Орталық Азияның бес мемлекетінің басшыларымен кездеседі. Сондай-ақ жапон премьері Өзбекстан мен Моңғолияға да баруды жоспарлап отыр.

«Бұл сапар арқылы табиғи газға және басқа да минералды ресурстарға бай аймақтағы экономикалық қауіпсіздікті арттыру үшін Жапонияның Орталық Азиямен байланысын нығайтуға үміті бар. Кисида жаңа сауда жолын құру, көмірге тәуелділікті азайту және тұлғааралық алмасуды ілгерілету туралы экономикалық қолдау пакетін ұсынбақ. Сондай-ақ Қазақстанның Орталық Азиядағы ықпалын ескере отырып, бұл сапарды Ресей мен Қытайды тежеу үшін пайдаланбақ», – деп жазады жапондық басылым.

Сонымен қатар жапондық компаниялар Қазақстанға және Орталық Азияның басқа елдеріне табиғи газ өндіру мен өңдеуді дамыту үшін технологиялар мен қарыздар беру арқылы көмірге тәуелділікті азайтуға көмектеседі. Оның орнына Орталық Азия мемлекеттері Жапонияға білікті жұмыс күшін жібереді.

Айта кетейік, Фумио Кисиданың Қазақстанға келетіні туралы маусым айында белгілі болды. Кисида Қазақстанға сапарынан кейін Моңғолияға барып, оның президенті Ухнаагийн Хурелсухпен кездесуі мүмкін. Тараптар, ең алдымен, Моңғолиядағы минералды ресурстарды өндіру үрдісін талқылайды деп жоспарланып отыр.

«Жапониямен экономикалық байланысты нығайту Қазақстан үшін бірқатар өзекті мәселелерді шешуге пайдалы болмақ. Бұған дейін жапондық мамандар алматылық әріптестерімен жер сілкінісіне төзімді ғимараттар салу тәжірибесімен бөлісіп, Қазақстандағы су тасқынымен күресуде де көмектерін ұсынған», – деп түйіндеді басылым.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Жапон банкі 2024 жылдың 31 шілдесінде екі күндік кеңестен кейін өзінің негізгі пайыздық мөлшерлемесін 0-0,1%-дан 0,25%-ға дейін көтерді. 2024 жылдың тамыз айынан бастап Жапонияның Орталық банкі бір сессияға 400 млрд иен болатын бес және он жылдық бағалы қағаздарды сатып алу ұсыныстарын орналастырады. Қазір бұл көрсеткіш 400-550 млрд иенді құрайды.

Сондай-ақ оқыңыз