Шетел президенттерінің келуіне байланысты 7-10 тамыз күні Астанада бірнеше көше жабылады

Жарияланды
Астанада 7-10 тамыз аралығында жол қозғалысына шектеу енгізіледі / Фото: kursiv.media

Астанада қоғамдық-саяси шарлардың өткізілуіне байланысты 7 және 10 тамыз аралығында көшелер жабылады. Бұл жайлы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметі хабарлады.

«Қоғамдық-саяси шараларды өткізуге байланысты, 7 және 10 тамыз аралығында қаланың жекелеген көшелерінде көлік құралдары мен жаяу жүргіншілердің қозғалысына уақытша шектеу енгізіледі», – делінген хабарламада.

Күзет қызметінің хабарлауынша, бұл шара арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдары мен Қазақстан Қарулы күштерінің қатысуымен өткізіледі.

Солайша бұл күндері қаланың Есіл, Нұра, Алматы аудандарында көлік қозғалысы мен жаяу жүргіншілер қозғалысы шектеледі.

Атап айтқанда:

  • Есіл ауданында – Оңтүстік айналма жол, Қабанбай батыр, Мәңгілік Ел, Ұлы Дала даңғылы, Достық, Керей-Жәнібек хандары көшелері;
  • Нұра ауданында – Тұран, Ұлы Дала даңғылы;
  • Алматы ауданында – Тәуелсіздік даңғылы, Ж.Нәжімеденов және Қ.Аманжолов көшелері бойынша жол шектеледі.

Мекеме мәліметінше, дайындық аясында осы жылдың 3 тамызында бірлескен жоспарлы оқу-жаттығулар өтеді. Іс-шаралар арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, сондай-ақ ҚР Қарулы күштерінің, оның ішінде әскери авиацияның ресурстарын пайдалана отырып өткізіледі.

Айта кетейік, 2-3 тамыз күндері бас қалаға мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Конго Республикасының Президенті Дени Сассу-Нгессо ресми сапармен келеді. Ал 7-8 тамыз күндері Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келеді.

Ал 9 тамыз күні Астанада Орталық Азия мемлекеттері басшыларының алтыншы Консультативтік кездесуі өтеді.

«Осыған байланысты, астананың тұрғындары мен қонақтарын қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан іс-шараларға түсіністікпен қарауды өтінеміз», – делінген хабарламада.

Сондай-ақ оқыңыз