Еуропа елдеріне заңсыз құжатпен балық өнімін экспорттаған компания басшысы айыппұл төлейді
Бас прокуратура «балық алаяқтығы» деп аталған істің аяқталғанын хабарлады. Алматы облысы Қонаев қаласының соты аса ірі көлемдегі «көксерке филесі» балық өнімін тасымалдау бойынша үкім шығарды.
2021 жылдың қазаны мен 2022 жылдың қыркүйегі аралығында компания басшысы браконьерден заңсыз ауланған балықты сатып алып, Еуропалық Одақтың әр еліне экспорттаған.
«Экспортқа рұқсат алу үшін жасанды көксерке өсіруге мүмкіндігі жоқ шаруа қожалығында балықтың шығу тегі туралы жалған құжаттар пайдаланды. Заңсыз экспортталған балық өнімдерінің жалпы құны 210 миллионнан астам теңгені құрады», – деп хабарлады орган.
26 шілде күні сот үкімімен компания жетекшісі ҚК-нің 234-бабының 2-бөлігінің 4-тармағымен кінәлі деп танылды. Ол 210 млн теңге кедендік төлем төлейді. Оған қоса 1000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл жазасы тағайындалды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
29 шілдеде су айдындарының мониторингі барысында Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы Атырау ЖЭО-сының каналында балық қырылғанын анықтады. Жайық-Каспий облысаралық балық шаруашылығы инспекциясы барлық мүдделі мемлекеттік органды хабардар еткен. Сондай-ақ балық өлген жерді тексеру үшін арнайы комиссия тағайындалды.