Қор нарығына шолу: АҚШ нарықтарындағы құлдырау, Қытай экономикасындағы қысылтаяң шақ, хедж-қорлардың Жапонияға жылыстауы
31 шілдеде АҚШ-тағы негізгі үш қор индексі «қызыл аймаққа» өтті. Бұған «экономика құлдырауы мүмкін» деп сигнал берген статистиканың жариялануы себеп болды. Қытайдың да жағдайы мәз емес. Аспан асты елінде өндірістік белсенділік төмендеп, капиталдың жылыстауы күшейді. Мұндағы хедж-қорлар қаржысын Жапонияға аудара бастады. Осы және өзге де тақырыптар туралы 1 тамызға арналған шолуымыздан оқыңыз.
Макростатистика АҚШ-тағы нарықтарды құлдыратты
Сонымен «қызыл аймаққа» өткен негізгі қор индекстерінің мәні мынадай: Dow 1,21%-ға құлады, S&P 500 индексі 1,37% жоғалтты, Nasdaq 2,3%-ға төмендеді. Мұндай жағдай статистика жарияланғаннан кейін қалыптасып отыр. Ал бұл статистиканың инвесторлардың алаңдаушылығын тудырғаны рас. Yahoo Finance жазғандай, инвесторлар «ФРЖ ставкаларды төмендетуді ертерек бастау керек еді және экономика құлдырауға жақын» деген уәжді алға тартып отыр.
Жұмыссыздардың жәрдемақы алуға беретін өтініштері күрт өскен. АҚШ-тағы өндірістік белсенділіктің барометрі саналатын ISM индексі 46,8-ге дейін төмендеді. Бұл экономикалық құлдыраудың басталғанын айғақтайды. 10 жылдық қазынашылық облигациялардың кірістілігі ақпан айынан бері алғаш рет 4%-дан төмен түсті.
Еске сала кетейік, осының алдында ғана ФРЖ ставкаларды өзгеріссіз қалдырған болатын. «Экономикалық деректер құлдыраудың басталғанын көрсетіп отыр. Бұл уақыт өте күшейе беруі мүмкін», – дейді FWDBONDS бас экономисі Крис Рупки.
Қытай акциялары әлемдік хедж-қорларға қызық емес
Әлемдік хедж-қорлар Қытай нарығынан Жапонияға қарай жөнкіле бастады. Reuters-тің жазуынша, бес жыл бойы Қытай акцияларына салынған инвестициялар күрт қысқарып кеткен. Goldman Sachs хабарлағандай, шілденің соңында әлемдік хедж-қорлар инвестициясының шамамен 6,6%-ы қытай акцияларына салынғаны белгілі болды. Ал 2020 жылдың ортасында бұл көрсеткіш 15% болғанын ұмытпайық.
Қытайға бағытталған ұзақмерзімді және қысқамерзімді инвестиция қорлары биылғы шілде кейінгі екі жылдағы ең қиын ай болғанын мойындады. Қорлар 29 шілдеге дейін орташа есеппен 5,8% жоғалтты, деп хабарлады Goldman Sachs. Осы кезеңде паназиялық ұзақ және қысқа қорлар 3,5%-ға төмендесе, Жапонияда керісінше 1,2%-ға өскен. «Жапония мен Қытай арасындағы таза инвестициялар алшақтығы артып келеді», – деп жазды Goldman Sachs.
Инвесторлардың көбі Қытайды инвестиция салуға қолайлы өңір ретінде қарастырмай отырғаны да сондықтан. Sussex Partners хедж-қор консалтингтік компаниясының басқарушы серіктесі Патрик Гали атап өткендей, инвесторлардың басым бөлігі Қытайдың ішкі экономиканы қалпына келтіргенін, Вашингтонның Қытайға қатысты саясатының нақтылана түскенін күтіп жүр. Тіпті жақында ставкалардың күтпеген жерден төмендеуі, Коммунистік партияның үшінші пленумындағы саяси ұсыныстар инвесторларды бойдағы күдік-күмәннан арылта алмады.
Қытайда өндірістік белсенділік төмендей бастады
Reuters-тің хабарлауынша, Қытайда өңдеу өнеркәсібіндегі сатып алу менеджерлерінің жаһандық индексі (PMI Caixin) төмендеді. Шілдеде индекс 51,8-ден (маусым) 49,8-ге дейін құлдырады. Көрсеткіштің 50-ден төмен түсуі өндірістік белсенділіктің кері кете бастағанын көрсетеді.
650 жеке және мемлекеттік өндірушіні қамтитын (негізінен экспортқа бағытталған фирмаларды бақылайтын) PMI Caixin индексі үшін жеке сектордағы сатып алу менеджерлері арасында сауалнама жүргізілген екен. Сол сауалнама жаңа тапсырыстардың қысқаруына байланысты сектордағы жұмыс жағдайы нашарлағанын аңғартып отыр. Бұған дейін ірі компанияларды қамтитын PMI-дің ресми сауалнамасы да белсенділіктің төмендеуінен белгі беріп еді.
Citi Research сарапшыларының пікірінше, Қытайдың өндірістік секторы қысылтаяң шақпен бетпе-бет келгелі отыр. Олардың мәліметтері бойынша, шілдеде өнеркәсіп өндірісінің өсуі маусымдағы 5,3%-дан 4,8%-ға дейін баяулаған болуы мүмкін. Ал өнеркәсіп өнімдерінің бағасы төмендей береді.
«Ең маңызды мәселелер ретінде тиімді ішкі сұраныстың жеткіліксіздігін және нарықтық оптимизмнің көңілге жұбаныш ұялата алмай отырғанын айтар едім», – дейді Caixin Insight Group экономисі Ван Чжэ. Қысқасы, әлемнің екінші ірі экономикасы екінші тоқсандағы өсу болжамдарын ақтамады әрі дефляциялық қысымға тап болды.
Ипотекалық ставкалардың төмендеуі сұранысқа ықпал ете алмады
Ипотекалық несие ставкалары 2024 жылдың ақпан айының басынан бастап ең төменгі деңгейге дейін құлдырады, деп хабарлайды Yahoo Finance. Freddie Mac-тың жазуынша, 30 жылдық ипотека бойынша (белгіленген мөлшерлемемен) көрсеткіш 6,73%-ға дейін төмендеген. Ал бір апта бұрын 6,78% болған-ды. Бір жыл бұрын орташа мөлшерлеме 6,9%-ға тең болған еді.
Белгіленген өтеу мерзімі бар 15 жылдық ипотека бойынша мөлшерлеме 5,99%-ды құрады. Өткен аптада ол 6,07%, бір жыл бұрын 6,25% деңгейінде болды.
Мұндай динамиканың қалыптасуына ФРЖ-ның да әсері бар. Өйткені, қор жүйесі құлдырау цикліне дайын екенін аңғартқандай болды. Дегенмен, ипотекалық мөлшерлемелердің төмендеуі сұранысқа ықпал ете алмады. Ипотекалық өтінімдер өткен аптамен салыстырғанда 2%-ға төмендеді.
«Ипотекалық несие ставкалары жыл соңына дейін төмендеуі мүмкін. Әсіресе егер ФРЖ қыркүйек айында ақша-несие саясатын жеңілдете бастаса біз осы жағдайға нақты куә боламыз», – деді АҚШ ипотекалық банкирлер қауымдастығының бас экономисі Майк Фратантони.