Сағат тілі ауыспайтын болды. Сауда министрлігі алдын ала шешім қабылдады
ҚР Сауда және интеграция министрлігі бірыңғай уақыт белдеуін жою жөніндегі өтінішті қабылдамады. Бұл туралы бүгін, 2 тамызда өткен петиция бойынша қоғамдық тыңдауда айтылды.
«Өтініш берушілердің денсаулыққа немесе тұтынуға әсер еткені жөнінде дәйектері расталмады. Сондықтан қазір әкімшіліктің алдын-ала шешімі бойынша петицияны қанағаттандырудан бас тартылады», – деді вице-министр Қайрат Балықбаев.
Сонымен қатар тыңдалым барысында Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев Қазақстандағы бірдей уақыт белдеуі тұрғындардың денсаулығына әсер етпейтіні туралы айтты.
«Кейінгі ғылыми деректер мен ғалымдардың қорытындысы бойынша уақыттың бір сағатқа өзгеруі мен оның денсаулыққа айтарлықтай әсері арасында тікелей байланыс жоқ. Біз бұл мәселені талқылау үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшылармен хабарластық. Жалпы ғалымдар адам денсаулығы үшін күндізгі уақытқа мүмкіндігінше жақын белдіктердің тұрақты санын пайдалануды ұсынады. Мен зерттеуді қысқаша оқиын: қыста және жазда сағат тілінің бір сағатқа өзгеруі адамдардың көпшілігінің денсаулығына айтарлықтай әсер етпейді», – деді Сұлтанғазиев.
Оның айтуынша, зерттеу уақыттың бір сағатқа өзгеруі, бір уақыт белдеуіне ауысуы ұйқыны реттейтін гормон – мелатонин өндіруде минималды өзгерістер туғызатынын көрсетеді.
«Зерттеу көрсеткендей, дене бұл ауысымға 1-2 күн және бірнеше ай ішінде бейімделеді. Мелатонин деңгейі жаңа кестеге тез бейімделеді және қалыпты ұйқы режимін орнатуды қамтамасыз етеді. Жалпы Қазақстанда толыққанды зерттеулерді жүргізу үшін уақыт өте аз өткенін тағы да атап өткім келеді. Сонымен қатар осы кезеңде медициналық ұйымдардың өтініштері мен сапарлары өзгерген жоқ, халықтың денсаулық жағдайы айтарлықтай өзгерген жоқ», – деп есептейді вице-министр.
Талқылау аяқталды. Сауда министрлігінің өкілдері соңғы шешім ведомство сайтында жария болатынын айтты.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін бірыңғай уақыт белдеуіне қарсы петиция жарияланып 50 000 дауыс жинаған, сондай-ақ тұрғындар сағаттың теңестірілуі биоритмге, жұмыс кестесіне, оқуға және демалуға кедергі келтіреді деп шағымданған. Қол қойғандар жаңа өзгеріс адамдардың жұмыс қабілетіне кері әсерін тигізеді деп санайды.