Қаржы министрлігі тамызда тартылатын мемлекеттік қарыз көлемін 4,5 есе қысқартпақ

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Тамызда 190 млрд теңгеге МБҚ шығарылады / Фото: kursiv.media, биль-редактор Ахтам Зиперов

Қаржы министрлігі тамызда қор нарығына шығаратын мемлекеттік бағалы қағаз (МБҚ) көлемін 4,5 есе қысқартпақ. Бұл айда биржаға жалпы сомасы 190,0 млрд теңгеге тең МБҚ орналастырылады.

Шілде айында 870 млрд теңгеге мемлекеттік бағалы қағаз орналастырылған. Маусым айында да 870 млрд теңге МБҚ шығарылған. Осылайшы қаржыгерлер қауымдастығы бюджет тапшылығын қаржыландыру бірнеше есе қысқаратынын атап өтеді.

Қаржы министрлігі 2024 жылы қор нарығынан жалпы 5,2 трлн теңге қаржы тартуды жоспарлап отыр. Былтыр Үкімет қор нарығынан 4,6 трлн теңгеге тең қарыз тартуды көздегенімен, жыл соңына қарай МБҚ сауда-саттығы 8 трлн теңгеге жеткен.

Алынатын қарыздың негізгі бөлігі былтырғыдай 10 жылдық МЕКАМ облигацияларына тиесілі. Қаржы министрлігі жалпы көлемі 500 млрд теңгеге бір жылдық, екі жылдық – 480 млрд теңгеге, 510 млрд теңгеге үш жылдық бағалы қағаз шығаралады. Қаржы министрлігі жыл басында жылдық жоспарды жариялағанымен, оған өзгеріс енгізіліп отырады. Көбіне жылдық жоспардан артық МБҚ шығарылады.

Қазіргі кезде Қазастан қор биржасында 25,4 трлн теңге мемлекеттік борыш саудаланады. 2024 жылдың 6 айында МБҚ сауда-саттығы 4,7 трлн теңгеден асты.

Қаржы министрлігі 2024 жылы Үкіметтің ішкі және сыртқы борышына қызмет көрсетуге 2,02 трлн теңге жұмсауды жоспарлаған.

2023 жылы үкіметтік қарызға қызмет көрсетуге 1,8 трлн теңге жұмсалған. 2024 жылға жоспарланған қаржы 2,02 трлн теңгені құрайды. Ал 2025-2026 жылдары осы мақсатта 2,74 және 2,75 трлн теңге жұмсалмақ. 2027 жылы үкіметтік қарызға қызмет көрсету үшін 2,89 трлн теңге қарастылған.

Сондай-ақ оқыңыз