«Қазақстан кәсіпкерлері Конго елінің тау-кен саласын зерттеуге дайын». Тоқаев Конго басшысына тағы қандай ұсыныс айтты?

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Қазақстанға Конго Республикасының президенті Дени Сассу-Нгессо ресми сапармен келді / Фото: Ақорда

Қазақстан кәсіпкерлері Конго Республикасының тау-кен саласын зерттеуге дайын. Сондай-ақ екі ел сауда-экономика, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, тау-кен, өндіріс пен инвестициялар, ғарышты игеру салаларында бірлесіп жұмыс жасамақ. Бұл жайында Ақордада Конго басшысы Дени Сассу-Нгессомен келіссөздерден кейінгі БАҚ өкілдеріне арналған брифингте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

Қазақстанға ресми сапармен келген Конго Республикасының Президенті Дени Сассу-Нгессоны Тоқаев Ақордада әдеттегідей салтанатты түрде қарсы алды. Осыдан соң екі ел басшылары шағын және кеңейтілген құрамдағы келісөздер жүргізді.

Қазақстан Конгоға елші тағайындайды

Мемлекет басшысы, ең алдымен, Конго Республикасымен ынтымақтастықты дамытуға болатын салаларды атап өтті.

«Біз Конго Республикасын Африка құрлығындағы маңызды серіктес ретінде қарастырамыз. Екі ел бір-бірінен қашықта орналасқан. Соған қарамастан өзара байланысты жан-жақты дамытуға мүдделіміз. Әсіресе, сауда-экономика, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, тау-кен, өндіріс пен инвестиция, жаңа технологиялар мен ғарышты игеру бағыттары бойынша екі ел арасындағы ықпалдастықты жандандыру қажет. Бүгінгі қол қойылатын құжаттар саяси және экономикалық ынтымақтастықты дамытуға тың серпін береді деп сенемін. Осы ниетіміздің айғағы ретінде Конгоға Елші тағайындаймыз», – деді Президент.

Қазақстан Конго еліне астық экспорттауға дайын

Мемлекет басшысы мен Конго Президеті екі ел үкіметтеріне сауда-саттық көлемін арттыру үшін нақты шаралар қабылдау туралы тапсырма берді.

 «Біз ауыл шаруашылығы, өндіріс, көлік-логистика және энергетика саласына қатысты келіссөз жүргіздік. Сондай-ақ жаңа технологиялар, қазба байлықтарын бірлесіп игеру, инвестиция мәселесін талқыладық. Мен Қазақстанның электронды үкімет, киберқауіпсіздік және ғарыш саласындағы жетістіктеріне тоқталдым. Екі ел үкіметтеріне өзара сауда-саттық көлемін арттыру үшін нақты шаралар қабылдау жөнінде тапсырма беруге келістік. Қазақстанның Конгоға дәнді дақылдарды экспорттауға қатысты әлеуетінің мол екеніне назар аудардық. Өздеріңізге мәлім, екі елдің де табиғи ресурстары мол»,деді Тоқаев.

Конгодағы тау-кен салсын қазақстандық кәсіпкерлер зерттеуге дайын…

Тоқаев қазақстандық кәсіпкерлердің Конгоның тау-кен саласын зерттеуге дайын екенін де мәлім етті. Екі елдің де табиғи ресурстары мол, сондықтан темір, фосфад және басқа да сирек кездесетін минералдарды игеру үшін бірлесе жұмыс істеуге мүмкіндігі бары айтылды.

«Қазақстан кәсіпкерлері Конгоның тау-кен саласын зерттеуге дайын екенін келіссөз барысында атап өттім. Сонымен қатар екі елдің көлік-логистика саласындағы қарым-қатынасы жан-жақты талқыланды. Конго Республикасы Орталық Африка аймағының қақпасы, ал Пуэнт-Нуар порты осы қақпаның кілті. Бұл теңіз айлағының мүмкіндіктері өте жоғары. Қазақстан осы порттың әлеуетін пайдалануға мүдделі«, – деді   Мемлекет басшысы.

Тоқаев Конго Республикасының басшылығын және кәсіпкерлерін келесі жылы өтетін Астана халықаралық форумына шақырды. Сондай-ақ Конго жастарына Қазақстанның жоғары оқу орындарында білім алуды ұсынды.

Екі ел басшылары жаһандағы ең өзекті болып отырған климаттың өзгеруі мәселесіне қатысты да пікір алмасқан. Дени Сассу-Нгессо орман өсірудің және орманды қалпына келтірудің жаһандық 10 жылдығын жариялау туралы бастама көтерді. Мұны Қасым-Жомарт Тоқаев қос қолдап қолдайтынын жасырмады.

Сондай-ақ оқыңыз