Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында ЭЦҚ кілті енді флеш-картамен берілмейді

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
ЭЦҚ кілті енді флеш-картамен берілмейді / фото: коллаж биль-редактор Ахтам Зиперов

Электрондық цифрлық қолтаңба кілті флеш-картамен берілмейді. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Руслан Әбдіқалықов айтты.

«Қазақстан азаматтарын цифрлық электрондық қолтаңбалармен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін ең қарапайым әдіс флеш-картамен беру болды. Бірақ бұл әдіс қазір біз көріп отырғанымыздай, қауіпсіз болып тұрған жоқ. Сондықтан қауіпсіздік шараларын күшейтіп, азаматтардың жеке деректері қолды болмас үшін флеш-картамен ЭЦҚ беруді тоқтатқымыз келеді», – деді Әбдіқалықов.

Сонымен қатар қазақстандықтардың жеке басын растайтын құжаттардың көшірмелерін жинауға да тыйым салынды. Қонақүйлерде немесе банктерде куәліктің, паспорттың көшірмесі талап етілсе, онда оларға айыппұл салынуы тиіс.

Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Руслан Әбдіқалықов мемлекеттік қызметшілердің цифрлық сауаттылығына да тоқталып өтті.

Оның айтуынша, мемлекеттік қызметкерлер арасында жыл сайын тәжірибелер жүргізіліп, қазір министрліктің алдында мемлекеттік қызметшілерді оқыту, олардың сауаттылығын арттыру міндеті тұр.

«Сондықтан біз цифрлық сауаттылықты арттыратын платформа құруды жоспарлап отырмыз. Бірінші кезекте біз мемлекеттік қызметшілердің цифрлық сауаттылығын арттырғымыз келеді. Олар, әдетте, қызметтік ақпараттың, деректердің үлкен көлемімен жұмыс істейді», – деді Әбдіқалықов.

Айта кетейік, Қазақстандағы жеке және заңды тұлғалар енді екі ЭЦҚ кілттің орнына біреуін ғана ала алады. Ол жеке тұлға ретінде және заңды тұлға ретінде аутентификацияға да, қолтаңба үшін де пайдаланылады.

Сондай-ақ оқыңыз