Цифрлық даму министрлігі банктердің біріндегі дербес деректер тарады деген ақпаратқа түсініктеме берді

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Елімізде жеке деректердің таралуына қатысты қылмыс көбейіп барады / Фото: архив kursiv.media 

Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Руслан Әбдіқалықов қазақстандық банктердің біріндегі деректердің тарап кетуі туралы ақпаратқа түсініктеме берді.

 29 шілдеде TSARKA кибершабуылды талдау және тергеу орталығы қазақстандықтардың жеке дерегі тағы да тарап кеткенін мәлімдеген болатын. Онда Қазақстандағы маңызды банктің бірінің дерекқоры бұзылғаны жайлы да айтылады. Орталық коммуникациялар орталығында өткен брифингте комитет төрағасы Руслан Әбдіқалықов бұл жағдай бойынша ешқандай шағым түспегенін мәлім етті.

«Бүгінгі таңда бұл жағдайдың анықтап, мәселені қарап жатырмыз. Біріншіден, Қазақстандағы «маңызды негізгі банктердің бірі» деп отырғаны, шын мәнінде, ол 2021 жылы жабылған банк болып шықты. Ақпаратты бізге Қаржы нарығын дамыту және реттеу агенттігі растады. Осыған дейін банк деректері форумда сатылды дегені ескі ақпарат, екіншіден ол банк жабылып қалған. Сәйкесінше, банк заңды тіркелмегендіктен, біз оны тексере алмаймыз», – деді Әбдіқалықов.

Сондай-ақ комитет басшысы жеке деректердің таралуына қатысты қылмыстық істер көбейіп бара жатқанын айтады. Яғни қазақстандықтардың жеке деректері көп таралып кетіп жатыр. Дегенмен ол қылмыстық істердің нақты санын дөп басып айта алмады. Айтуынша, бұл мәселемен ІІМ айналысып жатыр.

 «Бірақ мен мұндай істердің өте көп екенін білемін және жылдан-жылға көбейіп келеді«, – деді төрағасы.

Спикер Zaimer микроқаржы ұйымы төңірегіндегі дауға қатысты да пікір білдірді. 1,2 млн қазақстандықтың аталған микроқаржы ұйымының платформасынан жеке деректері  ұрланған болатын. Алайда  8,5 мың азамат қана жеке деректер ұрлануына қатысты шағым түсірген. Руслан Әбдіқалықов қалған азаматтардың бұл фактіге алаңдаушылық білдірмей, оған бей-жәй қарағанын айтады. Микроқаржы ұйымына заң бойынша 1000 АЕК көлемінде айыппұл төлеу міндеттелген. Алайда айыпты ұйым оны бір аптаға жеткізбей төлегендіктен, жартысын ғана өтеп құтылған.

Еске сала кетсек, 2024 жылғы 5 наурызда «Мемлекеттік техникалық қызмет» АҚ Zaimer.kz («МҚҰ «Робокэш.кз» ЖШС) микроқаржы ұйымының клиенттері саналатын қазақстандықтардың 2 млн-нан астам жеке деректерінің таралып кеткені жайлы хабарлады. Жалпы Robo.finance платформасында жұмыс істейтін микроқаржы ұйымдары клиенттерінің 36 млн-нан астам деректері анықталды. Оның ішінде РФ – 23,6 млн, Филиппин – 5 млн, Вьетнам – 2 млн деректері бар.

Ал сәуір айында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі қазақстандықтардың жеке деректерінің таралуына жол берген Zaimer.kz микоқаржы ұйымына 1 846 000 теңге көлемінде айыппұл салды.

Сондай-ақ оқыңыз