Сыртқы істер министрлігі Қазақстан азаматтарына Израиль мен Ливанға барудан бас тартуды ұсынды: Таяу Шығыста жағдай шиеленісуде
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Таяу Шығыстың бірқатар елдеріне сапарға шығудан бас тартуды ұсынды.
Қазіргі уақытта Таяу Шығыстағы жағдай ушығып тұр. Соған байланысты министрлік Қазақстан азаматтарына аталған өңірдегі ахуал тұрақтанғанша, Израиль мен Ливанға уақытша бармау әлдеқайда дұрыс шешім болатынын хабарлады.
«Қазіргі уақытта аталған елдерде жүрген Қазақстан азаматтарынан аса қажеттілік болмаса үйлерінен шықпауды, қауіпсіздік шараларын барынша күшейтуді, сақтық пен қырағылық танытуды, соңғы жаңалықтарды қадағалауды, сондай-ақ Қазақстан Сыртқы істер министрлігі және Израиль мен Ливандағы елшіліктерімен байланыста болуды сұраймыз», – деп жазды ведомство
Қосымша ақпарат алу немесе төтенше жағдайлар туындаған жағдайда аталған елдерде жүрген ҚР азаматтары мен олардың туыстары төмендегі байланыс нөмірлері арқылы шұғыл байланысқа шыға алады:
- ҚР СІМ-нің байланыс нөмірлері: +7 7172 720111 (кезекші дипломат) +7 705 4433332 (ұялы телефон, WhatsApp)
- Қазақстан Республикасының Израильдегі Елшілігінің байланыс нөмірлері: +972 (3) 503 78 85 (кезекші) +972 53 635 19 83 (ұялы телефон, WhatsApp)
- Қазақстан Республикасының Ливандағы Елшілігінің байланыс нөмірлері: + 961 04 713 447 (кезекші) + 961 70 069 977 (ұялы телефон, WhatsApp) + 961 71 116 004 (ұялы телефон, WhatsApp)
Израиль Ливан астанасы – Бейрут қаласына соққы жасады. Израиль әскерилері бұл соққының мақсаты – Хезболланың аға қолбасшысының көзін жою деп түсіндірген. Оны Израильдің солтүстігіндегі Мадждал Шамс ауылындағы 12 баланың өліміне кінәлі деп есептейді.
Иранның рухани көсемі Аятолла Әли Хаменеи Израильге тікелей соққы жасауға бұйрық берді. Оған себеп – палестиналық ХАМАС қозғалысы Саяси бюросының басшысы Исмаил Ханияның өлімі. Дереккөз Тель-Авив пен Хайфа аймағындағы әскери нысандарға соққы беруі мүмкін екенін айтқан. Иран әскерилері азаматтық нысандарға шабуыл жасамауға тырысады. Бұл шабуыл Иран аумағынан емес, одақтас елдердің, соның ішінде Йемен, Сирия және Ирак территориясынан жасалуы ықтимал.