2022 жылдан бері Қазақстанда полипропилен құны тоннасына 650 мың теңгеден 450 мың теңгеге дейін төмендеген

Жарияланды (жаңартылды )
Полипропилен құны тоннасына 450 мың теңгеге төмендеген/ фото үкімет сайты

«Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» ЖШС– Теңіз кен орнынан шикізатты қайта өңдеу бойынша қуаты жылына 500 мың тонна полипропиленді құрайтын еліміздегі алғашқы жоба. Зауыт іске қосылған сәттен бастап 341,4 мың тонна түйіршікті полипропилен өндірді.

2022 жылдан бері Қазақстанда полипропилен құны тұрақты түрде – зауыт жұмысының бастапқы кезеңіндегі тоннасына 650 мың теңгеден қазіргі 450 мың теңгеге дейін төмендеген. Ресеймен салыстырғанда ең төменгі сома, онда баға тоннасына 1 280 долларға жетеді, Беларусьте – 1 295, Өзбекстанда – 1 090 доллар. Зауыттың негізгі міндеті – ішкі қажеттілікті қамту. Мәселен, 2022 жылы Қазақстанның полипропилен нарығының құрылымындағы KPI кәсіпорнының үлесі 2%-ды құрады, бұл ретте импорт 63%-ға жетті. Биылғы екінші тоқсанға қарай арақатынас өзгерді: зауыт үлесі 25 есеге жуық өсіп, 49%-ды құрады, импорт 22%-ға дейін төмендеді. Өткен 6 айда KPI 133 мың тонна өнім өндірді.

Қашағанда қазіргі уақытта жобалық қуаты жылына шамамен 1 млрд текше метр болатын «GPC INVESTMENT» ЖШС газ өңдеу зауытын салу бойынша ірі инвестициялық жоба іске асырылуда. Құрылыс-монтаждау жұмыстары 11%-ға аяқталды.

Үкімет басшысы Олжас Бектеновке North Caspian Operating Company (NCOC) компаниясының Қашаған кен орнынан зауытқа шикізатты тасымалдауды қамтамасыз ететін құбыр салу жобасын іске асыру жөніндегі жоспары туралы мәлімет берілді. Мәселен, бүгінгі таңда NCOC QazaqGaz-бен бірлесіп жылына 700 мың тоннаға дейін сұйытылған көмірсутекті газды нарыққа жеткізу бойынша жұмыс істеп жатыр. Сонымен бірге жылына 1 млрд текше метр газ тасымалдауды қамтамасыз ететін құбыр инфрақұрылымының құрылысын аяқтауда. Фаза 2А жобасы жылына 2,5 млрд текше метр, ал Фаза 2B – 6 млрд текше метр газ тасымалдауды көздейді. Іске асырылып жатқан жобалар Қазақстанда ішкі газ жеткізілімдерін ұлғайтуға бағытталған.

Атырауда Премьер-Министр мұнай өңдеу зауытының қазіргі жағдайымен және дамыту жоспарына қанық болды. Жобалық қуаты жылына 5,5 млн тоннаны құрайтын Атырау мұнай өңдеу зауытында (АМӨЗ) бүгінде мұнай өнімдерінің 35-ке жуық түрін шығарады. Биылғы 7 айда шикізатты қайта өңдеу көлемі 3,4 млн тоннаны құрады.

Үкімет басшысы АМӨЗ-де хош иісті көмірсутектер өндіру мен мұнайды терең өңдеудің технологиялық процесімен танысты. Бұл кешендер 2003-2018 жылдар аралығында үш сатылы жаңғырту барысында салынды, ол бензол мен параксилол өндірісін іске қосуға, отын сапасын К4/К5 экологиялық санатына дейін жеткізуге, қайта өңдеу тереңдігін 90%-ға дейін арттыруға мүмкіндік берді. Алдағы күзгі дала жұмыстарын ескере отырып, Үкімет басшысы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге дизель отынын тұрақты өндіруді және тиеп-жөнелтуді толық көлемде қамтамасыз етуді тапсырды.

«Жартыжылдық қорытындысы бойынша мұнай өндірудің 1,6%-ға төмендегенін көріп отырмыз. Сонымен қатар бізде экономиканың басқа салаларында өсім бар. Өңдеу өнеркәсібінде тұрақты өсім сақталуда, 6 айдың қорытындысы бойынша көрсеткіш 5,1% деңгейінде. Құрылыс жұмыстарының көлемі 8,6%-ға, көлік және қоймалау – 7,3%-ға, ақпарат пен байланыс 8,7%-ға артты. Ел экономикасы шикізатқа тәуелділіктен арыла отырып, өңдеу өнеркәсібіне басымдық бере отырып дамуы тиіс», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Өңдеу өнеркәсібі салаларында өндірістің машина жасауда 9,4%-ға, металл бұйымдарын өндіруде – 30,3%-ға, химия өнеркәсібінде – 5,3%-ға өсуі қамтамасыз етілді.

Сондай-ақ оқыңыз