АҚШ пен Ұлыбритания өз азаматтарын Ливан аумағынан тездетіп шығып кетуге үгіттеп жатыр
Таяу Шығыста жағдайдың күрделене түсуіне байланысты АҚШ пен Ұлыбритания өз азаматтарын тезірек елге оралуға үндеді. Бейруттағы АҚШ елшілігі Ливаннан кез келген билетпен ұшып кетуге үгіттеп жатыр. Ал Ұлыбританияның сыртқы істер министрі Дэвид Лэмми британдықтардың жағдайына алаңдайтынын, Таяу Шығыстағы жағдай ушығып кетуі мүмкін екенін ескертті. Министр коммерциялық рейстерді пайдалануды ұсынды. Ұлыбритания Ливанға дипломатиялық және әскери күштерді шоғырландыруға кірісті. Олар елшілікке көмектеседі және британдықтарға дер кезінде қол ұшын созуы тиіс. Бұл жөнінде шетелдік ақпарат құралдары жазды.
Израиль Ливан астанасы – Бейрут қаласына соққы жасады. Израиль әскерилері бұл соққының мақсаты – Хезболланың аға қолбасшысының көзін жою деп түсіндірген.
«Хезболла» шииттік қозғалысы оған жауап ретінде, жексенбі, 4 тамызға қараған түні Израильдің солтүстігіндегі қалаға 50 зымыран атқылады.
ҚР Сыртқы істер министрлігі де Таяу Шығыстың бірқатар елдеріне сапарға шығудан бас тартуды ұсынды.
«Қазіргі уақытта аталған елдерде жүрген Қазақстан азаматтарынан аса қажеттілік болмаса үйлерінен шықпауды, қауіпсіздік шараларын барынша күшейтуді, сақтық пен қырағылық танытуды, соңғы жаңалықтарды қадағалауды, сондай-ақ Қазақстан Сыртқы істер министрлігі және Израиль мен Ливандағы елшіліктерімен байланыста болуды сұраймыз», – деп жазды ведомство.