Қазақстанда 32 гидротехникалық нысан мемлекет меншігіне қайтарылды

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Қайтарылған нысандар ішінде 31 суару каналы мен 1 бөгет бар / Фото: kursiv.mediа архивінен

2024 жылдың басынан 32 гидротехникалық нысан коммуналдық меншіктен республикалық меншікке қайтарылды. Оның ішінде 31 суару каналы мен 1 бөгет бар.

Су ресурстары және ирригация министрлігінің хабарлауынша, аталған нысандардың барлығы Жамбыл облысында орналасқан. Қазіргі уақытта елдің басқа өңірлеріндегі су шаруашылығы нысандарын республикалық меншікке қайтару бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде.

«Министрлік еліміздің су инфрақұрылымын жақсарту бойынша жұмысты бастады. Мысалы, 2030 жылға дейін су шаруашылығы нысандарын салу және реконструкциялау бойынша кешенді жоспар әзірленді. Жоспарда 44 су қоймасын салу, 76 гидротехникалық құрылысты, 5321 шақырымнан астам ирригациялық жүйені қайта жаңарту бар. Сондай-ақ 3230 дренажды ұңғыма бұрғылау көзделген. Бүгінгі таңда 114 жоба бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленді»,- деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов.

Еске сала кетсек, Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінде жаңа комитет құрылмақ. Ол Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитеті деп аталады. Осылайша Қазақстанда Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су шаруашылығы және Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитеттері жұмыс істей бастайды.

Сонымен бірге Су ресурстары және ирригация министрлігі «Қазагромелиосушар» республикалық әдістемелік орталығы» республикалық мемлекеттік мекемесін қайта құрылымдауды жоспарлап отыр. Мекеме су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау, су бұру саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның қызметін ақпараттық, талдамалық және әдістемелік қамтамасыз ету бойынша жұмыстарды орындаумен айналысады.

Сондай-ақ оқыңыз