Borsa Istanbul индексі 7 пайызға құлдырады: Ыстанбұл қор биржасының жұмысы уақытша тоқтап, қайта жанданды

Жарияланды (жаңартылды )
Business News бөлімінің редакторы
Стамбұл қор биржасы
Ыстанбұл биржасының индексі қатты құлдырады / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Ыстанбұл қор биржасының негізгі индексі Borsa Istanbul 100 (BIST 100), бүгін, 5 тамызда 7 пайызға құлдырады. Содан кейін биржа сауда-саттықты уақытша тоқтатты. Бұл туралы Түркияның Anadolu ақпарат агенттігі сауда платформасының хабарламасына сілтеме жасай отырып хабарлады.

Ыстанбұл биржасының хабарламасында сауданы автоматты түрде тоқтату механизмі іске қосылғаны жазылған. Соның салдарынан қор нарығы құралдары, кейбір фьючерстер, опциондар, репо операциялары уақытша тоқтатылды.

TradingView қызметі мен Investing.сom сайтының мәліметі бойынша, қазір биржа жұмысы қайта жанданды. Осы минутта BIST 100 7 пайыздық құлдыраудың жартысын жауып, 10,076 тармақ деңгейінде қалыптасты. Түркиялық TV-100 телеарнасының хабарлауынша, негізгі индекстің бұлай құлдырауына сыртқы факторлар әсер еткен.

Ыстанбұл қор биржасы – бұрынғы Ыстанбұл Алтын Биржасы мен Түрік Мердігер Биржасын біріктіретін жалғыз қор биржасы. Онда елдің негізгі банктері, шетелдік сақтандыру компаниялары және агенттік акциялары саудаланады.

Anadolu ақпарат агенттігінің жазуынша, Ыстанбұл биржасы индексіне жапон орталық биржасының төмендеуі де әсер еткен. Бұған дейін Токио биржасының негізі индексі 12,4 пайызға құлдырап, 1987 жылдан бергі ең төменгі көрсеткішке жеткен. Токио қор биржасы – әлемдегі ең ірі 6 қор биржасының қатарына енеді. Бұл – орналасқан компаниялардың нарықтағы капитализациясы жөнінен әлем бойынша төртінші, Азия бойынша бірінші орындағы биржа. Мұнда 3,5 мыңнан астам компания бар. Платформада түрлі саланың акциялары орналасқан. Ең танымалдарын атап айтсақ, Honda, Mazda, Toyota сынды автомобиль концерндері осында.

Сондай-ақ оқыңыз