Қорғаныс министрлігі әскерге шақырылатындар санын көбейтті. Биыл Отан алдындағы борышын өтеуге 40 148 сарбаз аттанады

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Биыл әскерге шақырылатын жастар саны мың адамға артады / Коллаж: архив kursiv.media 

Қазақстанда әскерге шақырылушылар санын арттыру жоспарланып отыр. Қорғаныс министрлігі әскер қатарына шақырылатын жастар санын 39 180-ден 40 148-ге дейін көбейтуді көздеп отыр. Бұл туралы Үкімет қаулысы енгізілген «Ашық НҚА» порталында жарияланды.  

Осылайша, отан алдындағы борышын өтеуге баратындар саны бірден мыңға жуық адамға артпақ.

«Әскерге шақыру комиссияларының жұмысын және әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе одан босатылуға құқығы жоқ он сегіз жастан жиырма жеті жасқа дейінгі саны 40 148 ер азаматты 2024 жылдың наурыз – маусымында және қыркүйек – желтоқсанында әскерге шақыруды жүргізілсін», – делінген қаулының жаңа нұсқасында. 

Бұған дейін қаулыда 39 180 адамды мерзімді әскери қызметке шақыру көзделген болатын. Жобаның түсіндірме жазбасында көрсетілгендей, мұндай шара Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды жасақтау үшін жүзеге асырылып жатыр. Сондай-ақ қажетті деңгейде азаматтарды қызметке алу мақсатында да осындай шешім қабылданған.

Айта кетейік, 2023 жылы әскер қатарына 37 мыңнан астам сарбаз алынған. Оның 16 мыңнан астамы Қарулы күштерге жіберілді. Қалған 21 мың азамат Ұлттық ұланның, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің, Мемлекеттік күзет қызметінің және Төтенше жағдайлар министрлігінің әскери бөлімдерін толықтырды.

Биыл маусым айында Қорғаныс министрлігі әскерге шақырылғандардың несиелік демалысын тағы бір айға ұзартуды жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Бұрын төлемді кейінге қалдыру мерзімі 13 ай болатын.

Еске сала кетсек, өткен жылы Қазақстанда мерзімді әскери қызметшілер үшін «несиелік демалыстар» енгізілді. Өйткені мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер қаржы ұйымдарына 6 миллиард теңгеден астам қарыз. Атап айтқанда олар екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдарынан несие алған. Сарбаздардың 14500-ден астамында несие берешегі бар.

Сондай-ақ оқыңыз