“Жоқтау жоқ”, “беташар жоқ” деу – біздің ұлттық болмысымыз мен мәдениетімізге шабуыл
Зайырлы құқықтың мемлекеттің ортақ моделі жоқ. Бірақ негізгі өлшемге сай, зайырлы мемлекет – діни құқыққа негізделген мемлекет емес, бұл теократиялық мемлекет емес. Бірақ зайырлылықтың да әртүрлі формасы болды. Арасындағы классикалық түрі – Францияның зайырлығы. Олар дінді саяси өмірден алшақ ұстайды. Ал өте зайырлы саналатын Ұлыбритания мен АҚШ-ты алсақ, ол жақта президент инаугурацияда Библияға қолын қойып тұрып ант береді. Президенттер әртүрлі ықпалды діни топтардың жөн-жоралғыларына да қатысып отырады. Түркияны алып қарасақ та, зайырлы мемлекет. Режеп Ердоған билік басында отырған тұста бұл ел зайырлы мемлекет болса да, мұсылмандық, діни атрибуттарға өте көп мән беріп, өмір сүре береді. Мұндайда мемлекет кез келген бір діннің діни-құқықтың Конституциясына негізделмейді, бірақ халықтың көпшілігі ұстанған дінге сәйкес, электораттың да көңілін табу үшін жалпы көпшіліктің мәдени болмысына, тарихына айналып кеткен әртүрлі басқосулардың болуы орынды нәрсе.
Ал Қазақстан бұл тұрғыда енді есейіп келе жатқан ел ретінде, дінді түсіну, оның әркімнің құқығы екенін, бір жағынан бұл адамның қауіпсіздігі жайлы мәселе екенін де қарауымыз керек. Қазір дінді ұстанатын адамдар, жалпы қоғам кейінгі 30 жылда фанатизм кезеңінен өтіп жатыр.
Миссионерлік, діндегі саяси астар мәселесіне келер болсақ, қатты конспирологияға берілсек, діншіл адамдардың бәрі бәр мақсатпен жүргендей болады. Мәдени өнімді сырттан қабылдағанымыз сияқты, дін де солай келуі мүмкін екенін жоққа шығара алмаймын. Себебі миссионерлік деген дүние шынымен бір құқықтық категория. Дінді жаю адамның құқығына кіреді. «Белгілі бір уақытта Орта Азияда осынша христиан болатындай етуіміз керек» деген доктриналар бар екені де айтылып жатады. Бұқараны, демократияны қолданып діни топтардың билікке келу процестері де болды. Ол әлі болып та жатыр. Түркияда бір кездері әскери диктатура болған, хиджаб киген қыз-келіншектер тұра алмайтын кезде Ердоған бәріне рұқсат беру арқылы қанша электораттың дауысын жинап алды. Бұрын мұражай болған Айя Софияны мешіт ету де медиада көп талқыланды. Рейтингі түсіп бара жатқанда, сол тақырыппен бір көтеріп алып, мұсылманның қорғаны болып шығады. Палестинадағы мұсылмандарды қорғау арқылы да ұпай жинап отыр. Бұл – қалыпты нәрсе. Маңыздысы – қанша жерден саяси амбиция аясында жасалса да, бәрі заң шеберінен аспауы керек. Ал адамдардың бірігіп, әлеуметтік топқа айналуы, бір-бірін қолдауы – қалыпты дүние. Бізде мұндай топтасу 30 жыл бұрын болмаған соң, бәрі жоспарлы экономика аясында болғандықтан, бізге мұндай топтасу жат болып көрінеді. Саяси ұлттық қауіпсіздікке зияны тимесе, мұндай топтасуда тұрған ештеңе жоқ.
Бірақ әрине, топтасып, билік қолға тиген соң, «Біз шариғат шеңберінде басқарамыз, барлығы біздің діни топтың басқаруында болуы керек, тендерді осы біздің жамағаттың жігіттері алуы керек» деген сияқты әңгіме кететін болса, әрине, бұл қауіпті. Сондықтан ұлттық бірегейлік, Конституция мен патриотизм жекелеген діни топтардан жоғары тұру керек. Бұлай болуы үшін мемлекет білім беру саласы арқылы жауапкершілікті өз мойнына алуы керек.
Қазір Пәкістан, Сауд Арабиясы және өзге де діни мемлекеттерде қатып қалған консервативті исламды насихаттайтын оқу орындары үлкен әлемдік желіге айналып кетті. Содан зайырлы мемлекет идеясын ұстанатындарға киесінен айырылған, кәпір деп айту – халифат идеясы көтерілді. Бұл дүние қазақ қоғамына да жетті. Бірақ осы тұста «Мұсылмандардың бәрі осындай екен» деген түсінікке жеткізбеу маңызды. Мұсылман болсаң, Ауғанстанға айналып кетесің деген қарсы реакция да көп. Зайырлы мемлекет бола тұра, дінін де ұстанып, білім алып, ешкімнен кем емес кәсіп жасап, тіпті ғылыми жаңалық ашып жүрген адамдар бар. Бұл соларға жала жабу сияқты болады.
Қазір қазақ қоғамында Исламның ішінде де түрлі діни топқа бөлінушілік бар. Бірақ ол бұрыннан бар нәрсе, Исламда ешқашан бәрі бір мазхабта болмаған. Бұрын мазхаб өте көп болған. Кейін IX ғасырда ортодокс Ислам қалыптасып, төрт мазхаб арасында пікір қайшылығы туған. Әдебиет пен ән өнерінің түрлі жанрға бөлінетіні сияқты, дін де бірнеше бағытқа бөлінеді. Бұл – қарапайым нәрсе. Бастысы, сол әр діни топ өкілінің бәрі бәрімізге ортақ бір дүние – Қазақстан екенін түсінуі керек. Ал Хизбит деген топтың жойылып кетуінің негізгі себебі – олардың өте радикал болғаны. Олар халифат құру идеясын ұстанды. Ал, халифат – ол миф. Ислам тарихынан қарасақ та, ешқашан халифат, біртұртас исламдық басқару моделі болмаған. Пайғамбар заманында да ол билікті кімге қалдыратынын айтпай кеткен. Құранда да мемлекеттің нақты бір формасы туралы жазылмаған. Бірақ саяси-қоғамдық қатынастарға қатысты әділдік, кеңесіп шешу және лайық адам басқаруы қажет деген негізгі қағидалар бар. Бұл дінді ұстанып, ұстанбағанына қарамастан, кез келген елді біріктіретін қағидалар. Осы үш қағиданы ұстанса болды, мұсылман елі дейтіндер де бар. «Жоқ, соңғы халифіміз Османлыда болды, тура соны қайталаймыз» деп, соны романтизациялайтын топтар да бар. Олар осы идеяны шынымен жүзеге асырамыз деп жатса, елдің ҰҚК олармен күресуі керек. Өз басым халифат құру идеясын өте қауіпті деп есептеймін.
Қоғам сәлафиттерден де қауіптенеді. Мұның себебін түсіндіруге болады. Қазақ қоғамы қазақша сөйлейтіндер мен орысша сөйлейтіндер болып бөлінеді. Қазақ тілі тиісті мәртебесіне жете алмай отыр, ал саяси элита қазақ тіліне қатысты батыл шешімдер қабылдамай отыр. Тура сол сияқты діни тұрғыдан сенің бүкіл дәстүріңді жоққа шығарып, «Исламда беташар болмаған, анау болмаған, мынау болмаған» деу де – бір соққы болып тиеді. Ханафиде мазмұны Құранға қайшы келмесе, кез келген дәстүр Құран-хадисте бар-жоқ деп қарамайды. Ал сәлафилер келіп, көнеден келе жатқан, «жоқтау жоқ», «беташар жоқ» дегенде қоғам олардан шошыды. Бұл – біздің ұлттық болмысымызға, мәдениетімізге шабуыл.
Қазір диссертациялық зерттеу тақырыбым – Исламдағы модернизм, яғни Құранды контекст тұрғысынан қайта қарау. Фазлур Рахман Малик деген мықты ислам философының Islam and Modernity деген еңбегі бар. Онда ол патша – құдайдың көлеңкесі, басқа келген нәрсенің бәрі – құдайдың қалауы, тағдырдың жазуы деген идеяларды сынға алады. Сонымен қатар ол тарихта Құрандағы теңдік және әділдік идеясын біртұртас ұстана алмағанын айтады. Әртүрлі оқиғаға орай дәлел ретінде Құраннан бір аят келтіру әдісі болғанын жазады. Қазір классикалық модернистер хадистерге де сын көзбен қарайды. Олар хадистерді дереккөз ретінде алмау керек деп радикал ұстаныммен кеткендер бар. Содан хадистерді контекст тұрғысынан түсіну керек деген идея пайда болды. Мысалы автор «Ұрының қолын шап» деген аятқа қатысты жақсы айтқан. Бұл аят негізі тарихта көп қолданылмаған. Себебі үкім дұрыс шықпаған болып қалса, ол адамның қолын қайтып беру қиын ғой. Бұл экономикалық тұрғыдан да тиімсіз. Бәрінің қолын шаба берсе, онда кім жұмыс істейді? Капитализмге ондай адамдар керек емес. Араб қоғамы – аграрлық, жартылай отырықшы қоғам. Ол кезде біреу жаза басса, қамап қоятын түрме жоқ. Фазлур Малик контекстке сай, мұнда ұрының қолын шабу емес, шариғаттың мақсат еткені – ұрлықты тоқтату екенін жазады. Ал радикал топтар қазір «Құранда жазылды, болды, тура сол күйінде орындау керек» деп жүр. Сондықтан мұндайда ұрлықты тоқтататын жаңа механизм пайда болса, оны қолдансақ, біз Құран мазмұнынан алшақтап тұрған жоқпыз. Әзірге Құранға қатысты осында контекстуалды әдіс қалыптаспай тұр.