АҚШ пилотсыз басқарылатын автокөліктерде қытайлық бағдарламалық жасақтаманы пайдалануға тыйым салуы мүмкін

Жарияланды
АҚШ билігі пилотсыз басқарылатын автокөліктерде қытайлық бағдарламалық жасақтаманы пайдалануғы тыйым салатын ереже әзірлеп жатыр / Фото: kursiv.media

АҚШ пилотсыз басқарылатын автокөліктерде қытайлық бағдарламалық жасақтаманы пайдалануға тыйым салады. Бұл жайлы Reuters хабарлады.

«АҚШ Сауда министрлігі алдағы аптада автономды және басқа көліктерде қытайлық бағдарламалық жасақтамаға тыйым салуды ұсынуды көздеп отыр», – деп жазады басылым.

Басылым мәліметінше, Байден әкімшілігі Америка Құрама Штаттарында автоматтандыру деңгейі 3 немесе одан жоғары көліктерде қытайлық бағдарламалық жасақтаманы пайдалануға тыйым салатын ереже жобасын әзірлеп жатыр. Сондай-ақ ережеде қытайлық компаниялар жасаған автономды көліктерді АҚШ жолдарында сынақтан өткізуге тыйым салу мәселесі де қамтылуы мүмкін екені айтылған.

Бұл ережеге сәйкес автоөндірушілер мен жеткізушілер көліктерге немесе жетілдірілген автономды көліктерге арналған бағдарламалық жасақтамасының ешқайсысы Қытай сияқты «алаңдаушылық туғызатын шетелдік ұйымда» әзірленбегенін растауы керек.

Еске сала кетсек, ақпанда АҚШ Ресейге көмектескен Қытай компанияларына санкция салуы мүмкін екені айтылды.

Ал осы жылдың басында Қытайдың АҚШ-тың 5 компаниясына санкция салғаны белгілі болды. Атап айтқанда, BAE Systems Land and Armament, Alliant Techsystems Operation, AeroVironment, Viasat және Data Link Solutions компанияларына қатысты санкция енгізу туралы шешім қабылданған. Қытай билігі бұл компанияларды Тайваньға қару-жарақ жеткізуге көмектесті деп айыптайды. ҚХР СІМ-нің мәлімдеуінше, енгізілген шектеулер Қытай аумағындағы аталған компаниялардың жылжымайтын мүліктерін қоса алғанда, активтерді бұғаттауды көздейді.

Мамырда Қытай билігі Тайваньға қару сатқаны үшін АҚШ-тың 12 әскери-өнеркәсіптік компаниясы мен олардың 10 басшысына санкция салды. Қытай тарапы «Вашингтон Тайваньға қару-жарақ сату арқылы «бір Қытай» қағидатын бұзып, сол арқылы ҚХР-дың ішкі істеріне араласып, елдің егемендігі мен аумақтық тұтастығына елеулі зиян келтірді» деп мәлімдеді.

Сонымен қатар Бейжің АҚШ-тың «Ресейге қатысты факторларға негізделген» қытайлық компанияларға салған заңсыз санкцияларына назар аударды.

Шектеулердің қандай компанияларға әсер ететіні айтылмаған. Алайда бұған дейін Қытайдың Сауда министрлігі Тайваньға қару сатқаны үшін Құрама штаттардың үш қорғаныс саласына қатысты General Atomics Aeronautical Systems, General Dynamics Land Systems және Boeing Defence, Space & Security компанияларын «сенімсіз ұйымдар тізіміне» енгізген.

Сондай-ақ оқыңыз