Ұлыбританияда мигранттарға қарсы наразылық өршіп тұр. Қазақстан елшілігі мәлімдеме жасады
Қазақстан Республикасының Ұлыбританиядағы елшілігі бірқатар өңірлерде жағдайдың шиеленісуіне байланысты Қазақстан азаматтарына Ротерхэм, Болтон, Блэкпул, Халл, Бристоль, Сток-он-Трент, Белфаст, сондай-ақ Манчестер және Ливерпуль қалаларында жағдай тұрақтанғанша, бұл қалаларға барудан бас тартуды ұсынды.
«Қазіргі уақытта аталған елдімекендердегі Қазақстан азаматтарынан қауіпсіздіктің жоғары шараларын сақтауды, қырағылық пен сақтық танытуды, адамдар көп жиналатын орындарға барудан бас тартуды, соңғы жаңалықтардан хабардар болып, ҚР Ұлыбританиядағы Елшілігімен байланыста болуды сұраймыз», – делінген хабарламада.
ҚР Ұлыбританиядағы Елшілігінің байланыс нөмірі:
+44 7900 511 535 (шұғыл ұялы телефон)
Естеріңізге сала кетейік, 29 шілдеде 17 жастағы жасөспірім байқауда билеп жатқан балаларға шабуыл жасап, 3 қыз қаза тапты, тағы 10 адам жарақат алып ауруханаға түсті. Бұл туралы BBC хабарлады.
ВВС мәліметіне сүйінсек, 7 жастағы Элси Дот С, 9 жастағы Элис Д. және 6 жастағы Биби К. есімді қыздарды пышақтап өлтірген 17 жастағы Аксель Муганва Рудакубана – Руандадан келген иммигранттардың ұлы. Алайда полиция қылмыскер туралы бұдан басқа ақпаратты жасырын ұстап отыр.
Осы жағдайдан кейін елдің бірқатар аймақтарында жаппай тәртіпсіздіктер болып, наразылық білдірушілер исламға қарсы және иммигранттарға қарсы ұрандар айтып, мешіт пен полиция көліктерін таспен ұрып, босқындар тұратын қонақүйге шабуылдар жасап жатыр.
Кеше, 5 тамызда Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер COBRA төтенше жиналысын шақырды. Оған Премьер-Министр бастаған министрлер, мемлекеттік қызметкерлер, барлау қызметкерлері мен полиция қызметкерлері қатысты. Сыртқы істер министрі Иветт Купер тәртіпсіздіктерге қатысушылардың «кек алатынын» айтты. Стармердің өзі наразылық білдірушілерді «заңды бұзуға бағытталған оңшыл бандалар» деп атады.
The Guardian газетінің соңғы мәліметтері бойынша, наразылықтар кезінде 53 офицер, сондай-ақ үш полиция иті жараланған. Полиция екі күнде 250-ден астам наразылық білдірушіні тұтқындады.